«Желбіретіп көк туды» деп әндеткендер көк туды қорлады. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында концерт берген Ирина Кайратовна жігіттері мен Shiza деп танитын Асхат Жолшиевтің бұл әрекеті көпшіліктің ашуын тудырды. Туды қорлағандар халықтан кешірім сұрады.

Тудың қадірін кетірген әнші сахна мәдениетін жиып қойып, бейәдеп, балағат сөздер айтқан. Ал «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленовтың оны қолдағандай қылық көрсеткенін видеодан анық аңғаруға болады.

Басы дауға қалған өнерпаздар ерсі әрекетін түсініп, айыпты екендерін түйсініп,   дүйім жұрттан кешірім сұрады.

“Бүкіл қазақстандықтардан үлкен үлкен кешірім сұрағым келеді. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін. Ішімдік ішкенім үшін. Мойындаймын бұл менен кеткен үлкен қателік. Бүгін мен үшін үлкен сабақ. Енді қайталанбайды деп уәде беремін сіздерге”, – дейді “Ирина Қайратовна” тобының мүшесі Азамат Маркленов.

Әнші әріптесінің әрекеті үшін де кешірім сұрап, туды естелікке бергісі келгенін айтты.