«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының активі Президент Жолдауын талқылады. Алқалы жиынға облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

«Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнап, ол барша елмен ерекше ыстық ықыласпен қабылдануда. Жолдауда Президент ең алдымен жыл басында орын алған қасіретті қаңтар оқиғасы мен әлемде орын алып отырған геосаяси жағдайлардың себеп салдарына тоқтала келе, елімізді онан әрі дамыту үшін негізгі 10 реформаны атап өтті.

Өз кезегінде Жаңа Қазақстанды құру мен жаңғыру жолына бағыттайтын жаңа Жолдау партияға да айрықша жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейді. Бұл тұрғыда жаңару үстіндегі «AMANAT» партиясы да Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдайды және ұсыныстарына ұйытқы бола отырып, оларды іске асыруға белсенді қатысатын болады»,-деді филиал төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова.

Актив отырысында Жолдаудан туындайтын партия алдында тұрған міндеттер туралы айтқан «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова көптің көкейінде жүрген «Партия төрағасы кім болады?»,- деген сауалдың жауабына да тоқталды.

Жолдауда Мемлекет басшысы «өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде рәсімдеуді ұсынып, бұл норма саяси бәсекелестікті арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайтындығын тілге тиек етті. Бұл Мемлекет басшысының партия мүшелігін тоқтата тұруы, оның партия қатарынан мүлдем шығатынын білдірмейді. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін Президент партия Төрағасы болып қала береді. Партия төрағасы міндетін атқарушы кім болатынын партияның жоғарғы басқару органы Съезд шешеді. Сонымен қатар әкімдердің филиалдар төрағасы қызметі де тиісті заңнамалық өзгерістерге дейін жалғасатын болады, – деп атап өтті Атқарушы хатшы.

Партия ардагері Алмагүл Божанова заманауи сұраныстар мен жаңалықтарға және даму қажеттіліктеріне қашанда дайын, уақыт талабына сай жаңғыруға бет алған жетекші партия қатарына өтініш білдерген басқа да саяси партиялардың қосылуы заңдылық деп қабылдап, партияның қазіргі қоғамдағы саяси бәсекелестікте алда болатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруда жасотандықтарға сенім, жауапкершілік, адалдық қағидаттарын жадына тоқуды партия ардагерлері атынан аманаттады.

Сондай-ақ жиында өкілді органдар қызметін қайта құру туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің төрағасы, фракция жетекшісінің орынбасары Мақсұт Нәлібаев, рухани қазынамызды сақтау мен жаңғырту және оны болашаққа аманаттау туралы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңестің төрағасы, Баймырза Қожамберлиев, Сайлау жүйесі мен Саяси партияларды дамыту туралы «Рухани жаңғыру» орталығы директорының орынбасары, саясаттану ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиев, Жолдаудан туындайтын жастар алдында тұрған міндеттер туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Бекзат Ырза пікірлерін ортаға салды.