Жуырда көп балалы аналар Мәжіліс депу­таттарына бір жасқа дейін балаларға берілетін қосымша тағаммен толыққанды қамтамасыз етуді талап етті. Егіздердің анасы Зубидям Палтиева екі нәресте үшін тек 12 қаптама қосымша тамақ берілгенін және бұл тамақ егіздерге он күнге ғана жететінін айтып шағымданған.
– Әр ай сайын егіз балама жергілікті емханадан 12 құрғақ сүт берілетін. Балалар алты айдан асқан соң, бұл мөлшер 8 қаптамаға азайды. Ал балаларымның қосымша тағамға деген құлшынысы есейген сайын өсіп отыр. Рас, сәби алты айдан асқан соң, аралас тамақтандыруға ауысады, бірақ сонымен бірге баланың денесі де өседі емес пе? – дейді егіздердің анасы.
Билік басындағылар елдегі сәбилерді қосымша тағаммен қамтамасыз ету мәселесі ушыққанын мойындап, мәселені шешу үшін депутаттар Үкіметке үндеу жолдады.
– Мемлекет бұл мәселені шешуде барлық амалдарды қарастырып жатыр. Бірақ нәтиже көңіл көншітпей тұр. Аналар балаға қандай тағам сатып алу керегін білгенімен, емханалар үшін қажетті сатылымға келісу де күрделі іс. Себебі, қазір балалар қоспасын сатып алу орталықтандырылмаған, әр емхана оларды қажеттілік есебінен өз бетінше сатып алады, – дейді Мәжіліс депутаты Юрий Жулин.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, жергілікті бюджет қаражаты есебінен сүт қоспасын сатып алуға 5,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Тек соңғы 3 жылда тегін жасанды тамақтанатын жаңа туған нәрестелердің саны өскен. Мәселен, 2018 жылы мұндай тағамды 77 мыңнан астам ана алса, 2020 жылы 92 мыңнан асты. Байқағаныңыздай, жыл сайын ана сүтіне қанағаттанбайтын немесе мүлде ембейтін сәбилер саны артуда. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, әлемде он баланың төртеуі ғана ана сүтімен қоректенеді. Қалған балаларға қоспа қажет. Ал Қазақстанда балалар тағамының жетіспеушілігі жылдан жылға артып келеді. Бұл мәселе де қоғамды алаңдатады. Осы тұста ана сүтін ауыстыратын тағам қауіпсіз деуге болмайды.
Құрғақ сүтті 1855 жылы ағылшын өнертапқышы Гримвейд ойлап тапты. Ал оны дайын өнім ретінде нарыққа әкелген шведтік фармацевт Генрих Нестле. 1867 жылы Нестле сиыр сүтіне бидай ұнын, қант қосып, балаларға арналған құрғақ сүт дайындады. Ол оны «Анри Нестленің сүтті ұны» деп атады. Аз уақыттың ішінде бұл сүт бүкіл Еуропаға таралды. Сол кездің өзінде жасанды өнімнің балалар денсаулығына зиян екенін айтып, дәрігерлер дабыл қақты. Неміс дәрігері Готфрид Кюнер: «балаларға берілетін Нестле, Гербер, Куфеке сынды жасанды сүттер бала денсаулығына зиян. Себебі, 1890 жылы Берлинде ана сүтін емген балаларға қарағанда жасанды сүтты пайдаланған сәбилердің өлімі 13 есеге артты» десе, дәрігер Бидерт жасанды сүт әлі ана сүтінің орнын басуға қауқарсыз деп, оның бала денсаулығына зиян екенін мойындап, жарнамаламауға шақырды.
Ғалым Ақселеу Сейдімбек құрғақ сүттің ертедегі көшпенділерде болғанын, малдың өрісіне байланып күн кешетін қазақтарда құрғақ сүт қажеттіліктен туындағанын айтады.
– Көші-қон кезінде баланы емізу қиын. Сондықтан бала аш қалмау үшін қазақтар құрғақ сүт дайындаған. Оны малдың терісін түгінен арылтып, теріні үш рет сүтке салып қайнатып, кептіріп, қарынға не бүйенге салып сақтаған. Көші-қон кезінде сүт сұрап жылаған балаға осы теріден алақандай кесіп алып, суға салып, жібіген тері кәдімгі сүтке айналғасын ішкізген. Түбіндегі құйқаны сағыз етіп шайнаған бала жайлауға қалай жеткенін білмей қалған», – дейді ғалым.
Әлем елдерінің тарихына қарайтын болсақ, баланың ана сүтін емуі небәрі алты ай болған. Алты айдан соң бала сүттен шығып, үлкендер жейтін тамақты тұтынатын. Мысалы, Үнді елінде сәби алты айға толғанда әулетте үлкен мереке болып, ақсақал баланы сүттен шығару рәсімін жасаған. Қытайда сәбиге сұйық күріш ботқасын берсе, кейіннен түрлі көкөністер мен балық тағамын беріп отырған.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!