Бүгін, 10 қаңтар – Қазақстандағы Жалпыұлттық аза тұту күні. Осынау азалы күнге орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай өз пікірін білдіріп, «ҚазАқпарат» ХАА редакциясына жолдаған жазбасын жариялаймыз.

«Еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан ішкі істер, әскерилер саласындағы азаматтарымыз бен бейбіт тұрғындардың қазасына байланысты 10 қаңтарда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Президенттің тиісті жарлығы шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі – елді сабырлыққа, имандылыққа, ауызбіршілікке шақыру шарасы. Ықылым заманнан сан қиындық пен сынақты бастан кешірген халқымызды қаңтардағы қара құйын қатты күйзелтті. Төтеннен, бөтеннен келгендерге табалаушы, елбұзарлар қосылды. Халықтың жиған-тергені шашылды, ырыс-несібе рәсуә болды. Қалаларымызға ойран салынды, қан төгілді. Отан үшін әрбір жанның қазасы қасіретті. Кенеттен қайғы арқалаған отбасылар мен әулеттердің баршасына қайғырып көңіл айтамыз.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Асықпаңдар! Артымызда қазы бар, Тергеп талай сүйектерің қазылар. Қинамайды абақтыға жапқаны. Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен. Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» дегендей сын сағатта іштен шыққан жауыздақ, алауыздық пен арандатушылық елге ауыр тиді. Әлем назарына іліккен бүлікшілік әрекет Мемлекет басшысынан Конституцияға сай әділеттілікті, салқынқандылықты, жауапкершілікті талап етті. Тиісті батыл қадамдар жасалды, олар жалғасатын болады. Осындай шиеленісті шақта қиындыққа шыдап, төзген ерді, ер еңбегін сезген елді таныдық. Иә, бізге қазір сабыр қажет. Сабыр – сенімнің арқауы. Бірлік керек, ол – үміттің, жақсылықтың бастауы. Осындай қайғы-қасіретті терең сезіне отырып, қоғам жауапкершілігін, мейірімі мен ауызбіршілігін айрықша айтамыз. Өйткені, біздің еліміздің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы. Біз қуанышта да, қайғыда да біргеміз. Жаратқан ие марқұмдарға – иман, тірілерге береке берсін! Жамандықты амандық қана жеңеді. Ашық аспанымыз енді ешқашан қара бұлт торламасын».