Әулетінің асыл келбеті, ақыны Беріккүл әжем. Тәңір берген 6 перзенті бар. Бәрі жоғары оқу орнын бітірген білікті мамандар. Бауырлары мен балаларына деген махаббатын сөзбен жеткізе алмаймын. Балалары жыраққа кетсе аман-есен жүрсе екен, балаларым – бауыр етім деп шырылдап жүреді.

Әжем 1953 жылы мамырдың 14-ші жұлдызында дүние есігін ашқан. Адам баласына кіндік кесіп, тезегін тасып, шөбін орған алтын бесігі туған жерден ыстық, туған елден көрікті, одан артық жер жәннаты жоқ. Мейлі, оның табиғаты анау жатқан Алтай жері, мынау тұрған Аралға жетпей-ақ қойсын, тіпті, салыстыруға да келмесін. Бірақ бәрібір туған жерге тең келетін мекен жоқ. Әжемнің туған мекені – Сыр еліндегі тарих пен өнер тоғысқан, Қорқыттың қобызының үні сарнаған Қармақшы. Өзі аққұба келген, кескіні келіскен жан. Кішкентай кезінен ақынжанды, алғыр, жауапкершілігі мол болған. Қолына қалам алып,ішіндегі сырын ақ қағазға өлең шумақтарымен жазып отырған.
 
Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Ананың алақаны біз үшін ең жылы ұя. Ананың жаны сондай нәп-нәзік, мейірімді. Түн ұйқысын төрт бөліп, шырылдасаң жұбатып, әлпештеп, жырын айтып, тісің шыққанша аузыңа тамақ салып, киіміңді тазалап, дәмді ас ішкізіп мәпелейді, еркелетеді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, бағып қағады. Дәл осылай ұл-қыздарын өсірген әжем анасы Қалжан әжеме жыр арнайды.
 
Мен қалай анаға жыр арнамаймын,
Ана деп сұлу сөздер қазбалаймын.
Өмірде тірек болған жан анашым ,
Мен қалай жүрек сырын қозғамаймын.
 
Қарсы алған қуанышпен жаңа күнді,
Ана мен бала қандай жарасымды.
Арнаған махаббатын біз өзіңе ,
Достар-ау, ардақтай біл анашыңды.
 
Міне әжемнің анасына арнаған жыр шумағы. Жаз мінезді әжемнің жан анасына арнаған ой түрткі болатын өлеңдері жетерлік. Әжемнің айтатын ақылы, тектілігі маған үлгі десем де болады.Әжем мені еркелеткенде жер-көкке сыйдырмай, аузына түскен әйбат сөздерін айтып, құшағына да бір қысып алатын .Әжемнен 9 жасымда айырылдым. Әлі күнге дейін сағынамын. Әжеммен өткен әрбір күн есте қаларлықтай ерекше. Сізді ұмытпаймын, әже. Бағдар берген шамшырағым өзіңіз…

Бахтияр НҰРИСЛАМ,
Жас тілші үйірмесінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!