Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл өңірде 5732 нәресте дүниеге келді. Кейінгі бес жыл ішінде нәресте өлім-жітімі 29 пайызға төмендеген. Мұны Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова мәлімдеді.

Бала денсаулығы − басты назарда

Спикердің айтуынша өңірде ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында «Ана мен бала»  орталығына 4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Сонымен қатар, құны 150 миллион теңгеге  заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынды. Ұрықты қорғау орталығы ашылып, жүкті әйелдер мен нәрестелерге көрсетілетін қызмет сапасы жақсарған.

Баспасөз конференциясы барысында спикер балалар арасында кездесетін аутизм мәселесі жайында сөз қозғап, бұл дерттің шалғай аудандарда жиі кездесетінін айтты. Осы орайда мамандардың қатысуымен онлайн  конференциялар өтіп, нәтижесінде 14 ота сәтті аяқталған.

Сондай-ақ Байқоңыр қаласында аутизммен ауратын балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға кешенді көмек көрсетілуде. Бұдан бөлек, мектеп медицинасын жаңғырту бойынша да ұсыныстар әзірленуде.

−Қазақстан бойынша аутизм дерегі ең төмен тіркелген аймақтардың бірі – Қарағанды және Қызылорда өңірлері. Дегенмен, елімізде аутизмнен толық айықпаған азаматтар әлі де бар. Сондықтан  ерте диагностика жасау, сапалы медициналық көмек көрсету және оңалту  жұмыстарын жетілдіру  маңызды міндеттердің бірі, – деді Мирзанова Мая.

Сонымен қатар атқарылған жұмыстар мен бастамалар бала денсаулығын нығайтуға, ана мен бала өлімін  азайтуға  және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам екені атап өтілді.

Бағым ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!