Бірге тәжірибеден өтіп жүрген әріптесім Гауһар екеуіміз қаламыздағы баспаханалардың бірінің табалдырығын аттадық. Қолымызда қойын дәптер мен диктофон. Мұндағы атмосфера мүлдем бөлек, шіркін, құлақты тұндыратын станоктардың гүрілі мен жаңадан басылған бояудың иісі мұрынды жарады. Ал біздің оң жақта алып баспа машинасы тұр. Оның ішінен секунд сайын аппақ қағаздар зымырап өтіп, бетіне қара сиямен әріптер құйылып жатыр. Біз таңданысымызды жасыра алмай, бір-бірімізге қарап қоямыз.

Ақмешіт баспа үйінің баспахана технологы Ғалымжан аға бізді кітап басу процесімен таныстыруда. Ол кісінің айтуынша, кітап басу – үлкен сабырды қажет ететін өнер.

– Кітап бірден дайын бола салмайды. Алдымен компьютерде дизайн мен беттеу жасалады. Содан кейін мәтін арнайы алюминий пластиналарға (формаларға) көшіріледі, – деп түсіндірді Ғалымжан аға станоктың дауысын басып айтуға тырысып. Біз осы сәтте оның әрбір сөзін қойын дәптерге жылдамдата түртіп алып жаттық.

Жұмыстың ең қызық сәті басталды. Алып роликтердің қағазды қалай шиыршықтап, үлкен жылдамдықпен айналдырып жатқанын көзбен көрдік. Баспа машинасынан шыққан қағаздар әлі жылы, бояуы да кеуіп үлгермеген.

Келесі бөлме – бүктеу және тігу цехы. Бұл жерде үлкен парақтар автоматты түрде бүктеліп, дайын дәптерлерге айналады. Осы жерде «Кітап басқанда қателіктер бола ма?» деп сауал қойдық. Ғалымжан аға жылы жымиып, былай деп сауал қойдық жауап берді:

– Әрине, техника болған соң қателік болады. Мысалы, бояудың тым қою жағылуы, қағаздың қисық кесілуі немесе беттердің реттілігі ауысып кетуі мүмкін. Mұнда техникалық бақылау бөлімі бар. Олар әр кітапты тексеріп, қате жібермеуге тырысады. Ең басты қателік – әріп қатесі, бірақ оны баспаға дейін редакцияның корректорлары түзеуге тиіс, – деді ол.

Келесі сұрақты «күніне қанша кітап шығады?» деп төтесінен қойдық. Маманның айтуынша, бәрі кітаптың мұқабасына және көлеміне байланысты. Орташа есеппен, заманауи автоматтандырылған баспахана күніне 3000-5000 аралығында сапалы кітап шығаруға қауқарлы. Бұл сандарды естігенде көзіміз дөңгелене, аңтарыла қарап, таңданысымызды білдірдік.

Кітаптың соңғы кезеңі мұқабалау мен желімдеу тұсына келдік. Дәл осы секундтарда станоктан жаңа ғана дайын болған, мұқабасы жарқыраған алғашқы кітаптар шығып, қораптарға жиналып жатты. Осыдан бір-екі сағат бұрын ғана алып роликтегі жай ғана аппақ қағаз болған дүние, қазір біздің көз алдымызда дайын туындыға айналды. Секундтардың ішінде жасалған бұл сиқыр екеумізді де қатты толқытты.

Қойын дәптерді жауып, баспаханадан шығып барамыз. Жұмыс барысында кітаптың тек парақтар жиынтығы емес, жүздеген адамның маңдай тері мен секундтап өлшенген еңбегінің жемісі екенін түсіндік. Көрген, түйген, білгенімізді оқырманға да жеткізуге асықпыз…

Гауһар АБАТ,
Бексұлтан АКБИСЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенттері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!