Экс-министрдің Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабарлама лезде тарады. Қазақ эстрадасының белді өкілі Меруерт Түсіпбаева атышулы оқиғаға пікір білдіріп, Instagram парақшасына пост жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері бұған дейін де қоғамдағы келеңсіз оқиғаларда үнсіз қалмаған. 

“Соңғы кезде қазақтың еркексымақтары, қазақтың әйелдерін ұрып-соғып, зорлап, өлтіру фактілерін көбейтіп жатыр. Одан кейін қоғам біздің қыздарды басқа ұлтқа шықтың деп даттайды. Масқара, сонда маңайындағылар араша түспей, қарап тұрған ба?!. Неткен жауыздық?! Араша түсетін бір адам болмаған ба?!. Байғұс әйелдің жаны шыққанша ұрып-соғу – айуандық. Марқұмның аяғы ауыр болған деген де мәлімет бар. Зорлыққа жол жоқ”, – деп жан-айқайын жеткізді актриса. 

Сонымен қатар фотосының бетін не үшін жапқанын да түсіндірді.

“Беттерін неге жаптым?!. Мұндай адамдар ертең тайқып шығады. “Маған өзі атылды, мен тек өзімді қорғадым, жай итеріп қалып едім, шалқасынан түсті, өліп қалды” десе таңғалмаймын. Сот өтіп, кінәлі деп танылғанға дейін ешкімнің бетін көрсетуге құқығымыз жоқ. Өйткені оның нақты кінәлі екенін сот жүйесі ғана анықтай алады. Қатаң заң қажет!”, – деді әнші. 

Оқырмандары әншінің кімді тұспалдап отырғанын білсе де, бетін көрсетпеуіне байланысты екі жақ пікір жазды. Бірі: “Бұл әрекетін “сақтықта қорлық жоққа” баласа, екінші тарап “бүкіл БАҚ жазып жатыр, кімді жасырғаныңызды білеміз”, – деді. “Бұл тақырыптан басқа ештеңе таппадыңыз ба жазуға”, – деген оқырман пікіріне, әншінің өзі: ”Зорлық-зомбылық, өлтіруден басқа қандай маңызды мәселе болуы мүмкін”, – деп жауап берді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!