Ким Ки Дук – оңтүстік кореялық сценарист, режиссер. Шығармашылығымен әлемге танымал сценаристің фильмдері көрерменді бейжай қалдырмайды.Құдайды, адам болмысын тану мәселесін көтерген аңыз адамның кино түсіруге, шығармашылыққа қатысты ойларымен бөліспекпіз.
Қыс – менің өмірім! Буддизмде қыс мезгілі адамның өлім алдында өз өмірін бағалау кезеңі болып сипатталады. Мен әр қыс сайын өзімді өлім алдындағыдай сезінемін. Сондықтан табиғатқа оралғым келеді.
* * * * *
Білесің бе, ұзақ өмір сүргісі келетін адам кино түсірумен айналыспағаны дұрыс. Қандай да бір киноны түсіріп бастасаң, бірнеше өмірді қатар сүресің. Ал өз өмірің байқалмай жаныңнан өте шығады.
* * * * *
Мен өз фильмдерімді бір апта не он күннен артық түсірмеймін. Кино түсіру – өзіңді суперкомпьютер сезіну. Егер он күннен артық түсірсем, жарылып кететін шығармын. Жай ғана өліп қалатындаймын.
* * * * *
Жақсы фильм тек қана қымбат бюджетке түсірілген дүние емес. Ең бастысы идея, жақсы сценарий және киноны түсіруге деген құлшыныс.
* * * * *
Мен адамға сұрақ қоя білетін фильмдерді жақсы көремін. Кино көріп отырып, өз сұрағыма жауап іздемеймін. Керісінше дұрыс қойылған сұрақ іздеймін. Сұрақ қана адамды ойландырады.
* * * * *
Әңгіме, диалог киноның маңызды бөлігі емес. Дауыссыз, сөзсіз түсінуге болатын киноны жаным сүйеді.
* * * * *
Менің соңғы шыққан фильмдерім жайлы «студенттің жұмысы сияқты» деген пікірлер естідім. Бірақ бұған түк ренжімеймін. Себебі бәріміз – өмірдің студентіміз.
* * * * *
Кино түсіруде корей ұлттық мәдениетін әлемге таныстыру немесе таныту мақсатын ұстанған емеспін. Мен әлемнің әр нүктесіндегі қоғамның ауыр мәселелерін ашып көрсеткім келді.
* * * * *
Әйелге зорлық-зомбылық жасап, әлсіздерге күш көрсету, жалпы зорлық атаулының бәрі өміріміздің бір бөлігі. Ол әлемнің барлық жағында,барлық қоғамда бар.
* * * * *
Біз бәріміз арманды, армандауды қажет етеміз. Өйткені арман ғана тірі екеніңді сезіндіреді.
* * * * *
Кино – бұл ақша жасау тәсілі емес, адамға бірдеңе айтуға деген құштарлық.
Орыс тілінен аударған:
Дина БӨКЕБАЙ