Ел аумағында орын алған қайғылы жағдайдан соң Қызылорда қаласындағы кіреберіс жолдарға блок-бекеттер қойылып, кінәлілерді анықтау шарасы жүргізілуде. Жол бойы бақылау күшейіп, көліктер толық тексерістен өтуде. Оқыс оқиғадан соң жағдайдың ушыққанын сезген тұрғындар да байсалдылық танытып, қажетті тексеріске түсіністік танытып келеді.  Блок-бекеттің жанынан көлікті-жаяулы өткен жұрт жеке басын куәландыратын құжат көрсетіп, тиесілі қоржынында қауіпті заттың жоқтығын көрсетіп өтуде. Қалаға кіреберіс жол бойындағы ұзын-сонар көлік кептелісіне қарамастан жүргізушілер де сабырлық сақтап, тыныштықтың бұзылмауын тілеп өтетіні байқалады…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма беріп, кінәлілерді іздестіру шарасын қатаң бақылауға алуды тапсырған-тұғын. Қылмыскерлерді құрықтау операциясынан бөлек, бейберекетсіздік кезінде ұрлық жасап, мүлік зақымдаған азаматтардың бой тасалауына да тосқауыл қойылуда. Осы мақсатта блок-бекетте қаладан кіріп-шыққан көліктердің жүксалғышы, азаматтардың жеке дерегі мұқият саралану үстінде. Жалпы Қызылордада тәртіп сақшылары 225 бүлікшіні ұстап, оның 50-не қатысты қылмыстық іс қозғаған. Аймақтағы антитеррорлық операция әлі де жалғасып, лаңкестерді құрықтау жүргізілуде.

– Блок-бекеттердегі қауіпсіздік шарасы толық бақылауда. Көліктерді, азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Азаматтардың жанынан күдікті деп танылған зат табылған жағдайда дереу полиция бөлімшесіне жеткізіліп, оқиғаның ақ-қарасын анықтау жүргізілуде. Қала төңірегінде блок-бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Осы орайда қала тұрғындарын оқиғаға сабырмен қарап, қажетті талапты орындауға шақырамын, Бұл алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған әрекет екенін баса айтқым келеді, – деді Қызылорда қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Азамат Оспанов.

Шаһарда блок-бекеттегі тексерістен бөлек, коменданттық режим де қатаң бақылауға алынған. Бұл аралықта құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыскерлерді іздеу жұмысын жүргізіп, нәтижеге қол жеткізуге талпынуда. Мәселен, түнгі сағат 23.00-де ауыр әскери техникамен жарақтанған «Арлан», «Барыс»  топтары әуежай маңындағы елді мекендерді аралайды. Сондай-ақ саяжайларды түгел тексеріп, бүлікшілер жасырынуы мүмкін деген тоғай, су арналарын да тексеруден өткізеді.

Алайда ескерту мен хабарландыруға қарамастан төтенше жағдай режимін бұзатын азаматтар легі толастар емес. Тіпті бүгінге дейін облыс орталығында төтенше жағдай режимен бұзған 9 дерек тіркелген. Облыс әкімінің орын­басары Серік Ахметтің мәлім­деуінше, аймақта коменданттық режим сақталуда.

– Барша Сыр елінің азаматтарынан тәртіпті сақтап, үйде болуға шақырамыз. Аса қажеттілік жағдайында ғана үйден шығып, куәліктеріңізді бірге алып жүруге кеңес береміз. Қиын кезеңді бірлікпен жеңейік. Күшіміз – бірлікте. Қоғам тыныштығын сақтау бағытында блок-бекеттер санын арттырдық. Бүгінгі күні Қызылорда қаласында 5, 7 аудан бойынша 22 блок бекеттер қойылды. Мұнда әр көлік тоқтатылып, азаматтардың құжаттары мұқият тексеріліп жатыр, – деді Серік Әбжәліұлы.

Бүгінде тіршілікті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өңірде азық-түлік қорында тапшылық жоқ. 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Облыс әкімдігінің дерегіне сүйенсек, Тұрақтандыру қорының қоймасында 1448 тонна өнім сақтаулы. Апта сайын 120 автокөлік Түркістан қаласынан азық-түлік тауарларын тасымалдайды.

Оған қоса тұрмыстық тіршілікке қажетті газ, бензин қорында да жетіспеушілік жоқ. Қазіргі таңда Қызылорда қалсында сұйытылған газ бағасы – 60-65 теңге, АИ-92 – 180 теңге, дизель 229 теңге шамасында. Тағы айта кетерлігі, банктердің мобильді қосымшасы интернетсіз аударым жасауға мүмкіндік ашқан. Ал облыстағы «Halyk Bank»-тың 60 банкоматы жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар әуежай қызметі штаттық режимде жұмысын бастады. Қызылорда-Нұр-Сұлтан бағытында әуе рейсі жанданды. Әуежай алаңына тек билеті бар жолаушылар ғана кіргізіледі. Әуежайда да арнайы күзет бекеті орнатылған. Ал, қоғамдық көліктерде 125 автобус қызмет жасауда. Ауданаралық көліктер автовокзалдар мен автостанциялар жұмыс істеуде.

P.S. Ел тілегі – тыныштық. Сәтке болсын берекесіздіктің орнауы қоғам жанына жылдар бойы орны толмас жара салатыны анық. Бұл өз кезегінде елдің рухани дамуы, экономикалық өркендеуін кешеуілдетеді. Рас, азаматтардың еркін ойлы, азат пікірлі болуы – әділетті қоғамның бастауы. Алайда пікір қайшылығы мен теріс пиғылды топтың озбыр  әрекеті жазықсыз жандардың өмірін жалмамауы қажет. Себебі кейде уақыт жеке мүдде мен топтың мұратын ел тыныштығы жолында құрбан етеуді де талап етеді…

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!