Еліміз 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бас­тап, алға қадам басып келеді. Биыл Егеменді Ел болғанымызға тура 30 жылдан асты. Осы аз уақыт ішінде еліміз көптеген белестерді бағындырды. Алайда тарихы тереңде жатқан қазақ дейтін ұлттың бола­шағы қандай болмақ? Біз кейде «жарқын болашақ» де­ген сөздің байыбына бара бермейміз. Бұл дегеніміз ел­дің өз тұтастығын сақтай отыра, мемлекеттің ешқашан «өлмей­тінін» ұғыну. Ал біздің болашағымыз жарқын бола ма?

Қазақ жұрты өзге елдің боданына бұғауланбай, өз тәуелсіздігіне аса қиындықпен қол жеткізді. Ал оны сақтап қалу үшін әлі де күресіп келеді. Ендеше осындай рухы биік, керегесі берік ұлт қашанда мәңгі өмір сүруге лайық деп есептеймін. Еліміздің ертеңі жарық деп толық сеніммен айта аламын. Ал енді сәл қиялға ерік беріп, Қазақстанның келешегі жайлы сөз қозғап көрейік.
Тіпті «болашақ» деген сөздің өзі құлаққа жағымды естіледі. Барлық жақсы сол бір болашақта секілді. Оны естігенде, әрине, көз алдымызға елестейтіні аспанда ұшатын көліктер, көшеде емін-еркін жүретін адам қалпындағы роботтар, айналамыз қоршалған әйнекті, зәулім ғимараттар және тағы басқалары. Аталғандардың басым көпшілігі елімізде бар және әлі де даму үстінде. Демек, біз сол «болашаққа» жақындап келеміз.
Әрбір адам «Отан маған не берді деп емес, мен Отаныма не бере аламын» деп ойланса, мемлекет келешегіне алаңдамауға болады. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» демекші, ел болашағы әр азаматтың қолында. Сол себептен, мен де «өз елімнің дамуы мен көркеюі үшін не істей аламын?» деп жиі ойланамын. Болашақ қазірден басталатынын ұмытпау керек. Дәл осы сәтте жай ғана оқушы болсам да, білімге көз тігу дейтін өзіме берілген басты міндетті орындай отыра елімнің ертеңіне үлес қоса аламын. Талмай оқып, өз мамандығымды түбегейлі меңгеріп, Отаным мен ондағы халыққа адал қызмет етуді мақсат етемін.Айналамдағы жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өзімнен кішілерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, жүрген жерімде табиғаттың тазалығын сақтау арқылы мен ел болашағын жасаймын. Әрине, бұл ұсақ-түйек нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда үлкен жетістіктер кішкентай қадамдардан тұрады. «Жарқын болашақ» дейтін жоспарлаған үлкен мақсатымызға бірге жетейік! Дәл осы қарқынмен кездескен қиындықтарға қарамастан, тоқтамай жұмыс жасайтын болсақ, ел болашағының жарқын болуына кепілдік бере аламыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!