Діңкесі құрыса да дымын білдірмей, бел жазбай бейнет етуге бейім жастар жоқ емес. Соның бірі – әділет кіші сержанты Елдос Дайрабай. Керуен көшінің дүбірі үзілмеген қазыналы Қазалының тумасы. Ес білгелі ерлік жырына қанық болған соң, елге қызмет етуге деген ұмтылысы ерте оянған. Бүгінде ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде қызмет жолын бастағанына жарты жылдың көлемі болды.
Мызғымас ұстаным мызғып алуға да мұрсат бермейді кейде. Өйткені, артылған міндетті артығымен орындап, сенім үдесінен шықсам деген ой қылаң береді. Елдос Дайрабай арнайы бөлімде дактилоскопия бағыты бойынша жұмыс істейді. Саусақ ұшындағы ізді зерделей отырып, деректің дәлдігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр. Себебі мұнда қателікке жол беру – тек техникалық олқылық емес, сенімге сызат түсірумен тең.
– Қазір “алма піс, аузыма түс” деп, дайын дүниені күтіп отыратын шақ емес. Адал еңбек пен табанды ізденіс қана адамды алға жетелейді. Егер, ол елге қызмет етумен ұштасса, оның құндылығы екі еселенеді. Сондықтан, тәжірибемен толысып, сатылап өсуде сылтау іздемеймін, – дейді әділет кіші сержанты Елдос Мылтықбайұлы.
Иә, ер Елдостың аяқ алысы жаман емес. Сан соғудан гөрі қол соғып құптайтын ісі көп. Мәселен, қым-қуыт жұмыстан уақыт тауып, ала доптың аламанында да тер төгуді әдетке айналдырған.
З.Қонысжан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!