Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау мен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды саралады.

Алдымен медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ғалия Байменова 9 айда атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып, өңірдегі ахуалды баяндады.

Жыл басынан бері департаментпен көрсетілетін медициналық қызмет пен фармацевтикалық нысандарға жоспардан тыс 131, жоспар бойынша 28 тексеріс ұйымдастырылған. Нәтижесінде түрлі дәрежедегі 56 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы көлемі 3,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Департаментке келіп түскен шағымдардың басым бөлігі медициналық қызметке, емханалардың жұмысына байланысты туындаған.
Мекеме басшысының айтуынша, бүгінде дәрі-дәрмек қорында тапшылық жоқ. «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасында ковидке қарсы 3,69 миллион теңгенің дәрі қоры сақталған.

Өңір басшысы шалғай елді мекендегі дәріханаларда препараттардың қорын тексеріп, қажеттілікке қарай анализ жүргізу қажеттігін еске салды.

«Көрші Ресейде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты бізге де нақты іс-шаралар жоспарын бекіту қажет. Әсіресе, шалғай ауылдар мен аудандарда дәрі тапшылығының орын алмауын қамтамасыз ету керек. Тұрғындардың шағымдарын ескеріп, департаментке түскен өтініштер бойынша тексеру, бақылау жұмыстарын әлде де күшейтуді тапсырамын», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен фармацевтикалық ұйымдарды қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету үшін 488 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда аймақтағы 17 мекеме бір жылға 1 пайыз мөлшерлемемен несие берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!