Бүгінде кез келген дүкен сөрелері газдалған, энергетикалық құндылығы жоғары сусындардан босамайды. Оны тұтынушылардың да аз еместігі бәрімізге мәлім. Ал жаз мезгілінде оған сұраныс екі есе артады. Шөліңді қандырып, ағзаңды сергітетіні рас. Десек те пайдасынан зияны көп. Әлемге танымал тұлғалар да бұл сусынды жарнамалап әлек. Ал оның ағзаға түскеннен кейінгі әсері қандай?

ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?

Америкалық ғалымдардың пайымдауынша, мұндай сусынды ішетіндер өз денсаулықтарына қауіп төндіруде. Күніне 2 бөтелкеден артық тұтыну семіздікке әкеледі. Ал ең қиыны қант диабеті мен өлімге себеп болатын жүрек-қан тамырлары аурулары, ісік ауруларының дамуына түрткі болады. Тіс эмалін ерітіп, кариестің асқынуына әкеледі. Одан бөлек, тәтті сусын мидың жұмысын бәсеңдетеді, бұл үшін 1 стақанның өзі жеткілікті. Оның психологияға да әсері бар: ұйқысыздық, күйгелектік секілді құбылыстар жиі орын алады. Бір өкініштісі, жоғарыда атап өткен дерттердің қатарын тағы да толықтыруға болады…

Ғалымдар зиянды тәтті сусынның орнына жидек немесе жемістер қосылған су ішуді ұсынады. Сондай- ақ зерттеулердің нәтижесінде қарапайым шай жүректің саулығына тұрақты оң әсер еткен жалғыз сусын болған. Диетолог Кэрри Ракстонның айтуынша, күніне бір кесе шай жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын мезгілсіз өлім қаупін 4%-ға азайтады.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНҒА ҚАРСЫ ЗАҢ

Жуырда әлеуметтік желіде «энергетикалық сусынды тұтыну енді 21 жастан асқан соң рұқсат берілуі мүмкін, осыған қарасты заңнама әзірленуде» деген ақпарат пайда болды. Әрине, бұл жаңалық көбіне ұнамай, «енді қалғаны сол еді» дегендей пікір білдірді. Белгілі бір лоббистік топтар, үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер бұл бастаманы қолдамайтынын жеткізіп, белсенді түрде қарсы болды.

Егер заң өкілетті органдармен мақұлданып, күшіне енетін болса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске жаңа 423-3-бап енгізіледі. Нәтижесінде энергетикалық сусындарды сатып алу 21 жастан жоғары адамдарға ғана рұқсат етіледі. Егер заң қабылданса, 423-3-бапқа сәйкес сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, вендингтік, электронды немесе механикалық құрылғылар арқылы сатса, жеке тұлғалар үшін – ескерту жасалады немесе 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал ескертулер мен заңды елемей, 1 жыл ішінде тағы қайталанса айыппұл құны екі еселенбек.

ӘЛЕМДІ ӘБІГЕРГЕ САЛҒАН «ЭНЕРГЕТИК»

1990 жылдан бері әлемде қантты сусындарды тұтынудың көрсеткіші 16%-ға өсті. Атап айтқанда, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде бұл көрсеткіш 81%-ға артты, бұл өсім әсіресе халықтың білімді және ауқатты топтарына тән болды. АҚШ, Мексика, Африканың екі елі – Эфиопия мен Нигерия секілді алпауыт елдердің қантты сусынды апта сайын тұтыну деңгейі орташа есеппен 7,1 және 4,9 үлесін құрап отыр. Газдалған сусындар жылына 200 мың адамның өмірін ұрлайды. Мұндай жайт біздің елде сирек орын алса да, TikTok әлеуметтік желісінде энергетикалық сусындардың кесірінен өмірі қыл үстінде қалған жандардың бейнероликтері бар. Тәуелділіктен тәубаға келу үшін өмірін үзе жаздағандар аз емес.

Біз қалыптасып қалған дүниелерді өзгертуге бейім емеспіз. Мәселен, достарыңмен бас қосқанда пиццамен бірге, газдалған сусын ішу, тойда ел-жұртпен бірге Coca Cola тұтыну жазылмаған заң секілді. Бірақ сол әдетті бұзу ерік-жігерімізге байланысты. Өйткені денсаулық өзіміздікі… Ал заңның жаңа талабы салауатты өмір салтын қалыптастыруға сеп болады деген сенімдеміз.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!