Бүгінде кез келген салада сату өнерінен бастап, өмір-салтын өзгертуге арналған ұстаным, нақты формула жетерлік. Арнайы курстарды айтпағанда, философиялық негіздемесі қалыптасқан жүйе де көп. Солардың ішінде жас кәсіпкерлер арасында кең танымалы – кайдзен пәлсапасы. Ендеше, «соңғы уақытта кең тараған бұл жүйенің артықшылығы неде?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Жасыратыны жоқ, жас кәсіпкерлер кайдзен пәлсапасы туралы естігенмен, оның мән-маңызын жете ұғына бермейді. Әйтеуір, жетістікке жетелейтін нұсқау екенін шамалап, осы төңіректегі кітапты шолумен ғана шектелген. Алайда мамандар кайдзен философиясының негізгі мақсаты жетістік емес, әділдік, теңдік екенін түсінгенде ғана жүйе нәтиже беретінін айтуда. Себебі кайдзен адамдардың қолдауға мұқтаж, бірлесе өмір сүруге мәжбүр шақта дүниеге келген. Олай дейтініміз, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін жапон халқының күнкөріс деңгейі төмендеп, экономика әлсіреткен-тұғын. Сол кезеңде әр азамат белгілі бір саланы мінсіз деңгейге дейін игеріп, қоғамға осы арқылы пайда келтіруді өзіне мақсат етіп қойды. Осылайша, күнделікті әрекет, тоқтаусыз еңбек ету секілді жапон ұстанымы жүйеге айналып, кайдзен пәлсапасы пайда болған.

Ең алдымен кайдзеннің көпке жағатын тұсы – әділдік пен сапа. Жүйе адамдарды табыс көзін молайтып, жеке қаражатты өсіруді емес, әуелі тұтынушының көңілінен шығуға үндейді. Тұтынушыға ұнайтын өнім өндіру арқылы қоғам дамуына үлес қосу да жүйеге кереғар емес. Оның үстіне әріптестер арасында пайданың әділ бөлінуін қадағалау да назардан тыс қалмаған. Содан болар, Жапонияда қарапайым жұмысшының ірі кәсіпкермен тең деңгейде қымбат көлік сатып алуына, шетелде демалуына мүмкіндік бар. Әрине, бұл түк бітірмей, қаржыға қарық болу деген сөз емес. Ортақ табыстың тең бөлінуі мүмкіндік пен жұмыс сапасына тәуелді.

Кайдзен мамандардың ұстанымы бойынша, егер жұмысшы бір нәрсеге көңілі толмаса, демек жүйе ол мекемеде жемісті нәтиже беріп жатқан жоқ. Өйткені бизнесті үздіксіз жетілдіру жолында ұжымдағы әр адам рухани бірлікті сезінуі керек. Қызметкерлері бір-бірін алакөздеп, жұмыс жағдайына көңілі толмай, наразы күйде жүрген мекемеден кайдзен философиясын таппайсыз. Ол аздай, басшысы аста-төк тұрмыс кешіп, өзінің отбасы азғантай жалақыны азық-түлікке әрең жеткізіп отырған жұмысшы адал еңбек етпесі белгілі. Ал басшысы мен қызметкер бір-біріне сенбейтін, әрқайсысы өз қамын ойлайтын ұжымда табыс көңіл көншітпейді. Міне, сондықтан кайдзен жүйесін енгізген ұжымның сапа мен әділдік тұрғысынан өзгелерден оқ бойы озық тұруы таңқалатын жайт емес.

Кайдзеннің бір шарты – ысырапсыз өндіріс. Өндіріс артық шығынсыз болуы үшін ұжым беріліп еңбек етуі керек. Яғни, басшыдан бастап қарапайым жұмысшыға дейін өз ісін жақсы көріп істесе, өндіріс алға басады. Тіпті компанияның атын аңызға айналдырудың бір жолы да осында жатыр. Мәселен, Жапониядағы компаниялардың басым бөлігі бірнеше ғасырдан астам тарихы бар іргелі өндіріс орындары. Бұл елде ғасырдан артық тарихы бар 100 мың компания орналасқан. Жапон халқы ондай компанияны «шинисэ» деп атайды. Демек, кайдзенді кеше-бүгін пайда болған философия емес, ежелгі табыс жүйесі деп түсінген абзал.

Күншығыс елі мұндай ұзақжылғы үздіксіз қызметтің сырын тұтынушының көңілінен шығумен байланыстырады. Яғни, Жапонияда кәсіпорындар тұтынушы үшін еңбек етеді. Ал өндіріс процесінде басқалар ұсақ-түйек деп елемейтін нәрселерге жіті мән беріп, мұқият тексереді. Кей кәсіпкердей «оған ұнамаса, өзгесі сатып алады» деген жауапкершіліксіз қарау аталған пәлсапаға сай келмейді.

Кайдзен қағидаларында көрсетілген тазалық – жапон қоғамы үшін ең маңызды аспект. Әр жапонның жұмыс күні тазалықтан басталады. Бұл елде қоғамдық қызмет мекемелері таң ата мекеменің іші-сыртын жуып-шайып, басқа шаруаға сосын кіріседі. Мұндай әдет ата-бабадан жалғасқан өнеге секілді. Әлемдегі ең ұзақ жасайтын халықтың қатарына енуінің бір ұшы да кайдзен философиясында жатса керек.

Жан-жағын таза ұстау, ұжымның тілін табу, әділдік кайдзен пәлсапасының жарымы ғана. Ең бастысы – ар тазалығы, адамгершілік, мейірім. Самурай кодексінде жазылған бұл ұстаным кайдзеннен де орын тапқан. Кайдзен философиясы бойынша адамның жұмыс орны ғана емес, санасы да таза болуы керек. Сонда жұмыс жақсы жүреді. Мамандар мекемедегі әрбір қажетсіз зат, тіпті шаңы сүртілмеген терезе, ұзақ жыл сыланбаған қабырғаға дейін жұмыс істеуге деген ынтаны басатынын әлдеқашан дәлелдеді емес пе?..

P.S. Пәлсапаның пайымын қорыта айтқанда, адал еңбек пен әділдік – шыңға шығар басты жол. Сондықтан жастардың ықыласын аударған кайдзеннен бүгіннің ғана емес, кейінгі буынның да алары мол екені даусыз.

Назерке НҰРХАН,

Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектеп оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!