Мәдениет саласына ерекше леп әкеліп, өнерге адал қызмет етіп жүрген жастар жеткілікті. Олар ауданда, алыс ауылда еңбек етсе де шығармашылық туындылары көпті мойындатып келеді. Алдыңғы буынның жолын жалғап, ауданның атын абыроймен көпке танытып жүрген Мадияр Махамбетовтың талантына көпшілік таңдай қағып жүр. Осы аптада сахнаны киелі орын санайтын жас режиссермен тілдесудің сәті түсті.

Өнердегі алғашқы қадамын Қызылорда қаласындағы Жастар театрынан бастаған Мадияр Махамбетовтың мәдениет саласында атқарып жүрген еңбегі ерекше. Бүгінде Шамшат Төлепов атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған халық театрында режиссер қызметін атқаратын оның тың жобалары көп.
− Оңталап Нұрмахановтың жетекшілігімен құрылған қалалық Жастар театры қазірде қарқынды жұмыс істеуде. 2018 жылдың желтоқсан айына дейін сол театрда өнер саласының қыр-сырын түсініп, сахнаға бейімдел­дік. Сахнаның киесін де А.Тоқмағам­бетов атындағы мәдениет үйінде жүріп терең түсіндім және алдыңғы буынның барлық жақсы қасиеттерін бойыма сіңірдім. Бұл орта маған үлкен сабақ пен тәжірибе алаңы болды, − дейді жас режиссер.
Қармақшыға келген талант бар білгені мен бай тәжірибесін ортаға салып, әріптестерімен бірге жан-жақты жұмыс жасай бастады. Әртүрлі бағыттағы іс-шаралар, поэзиялық, прозалық кештер, тікелей театрға қатысты тың дүниелерді ұсынып қана қоймай, байқауларда да топ жарып үлгерді. 2019 жылы Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясын көпшілік назарына көрсетумен бірге тұрғындардың жылы ықыласына бөленді. Ал 2020 жылы елді түгел эпидемиологиялық ахуал алаңдатқан тұста онлайн форматта ұйымдастырылған облыстық «Абай әлемі» атты халық театрларының байқауында Ерсайын Төлеудің «Абай» трагедиясын сахналап, жүлделі екінші орынды театр қоржынына қосты. Сол жылы жарыққа шыққан «Бестің шайы» жобасы да тұрғындарға үлкен серпіліс әкелді. Сұхбат форматында бастау алған ауқымды жоба рухани-танымдық бағдарлама ретінде жоғары бағаланды. Халық қолдауы мен ықыласының нәтижесінде бір жылда жиырмаға жуық түсірілім жұмыстары жасалып, жобаның ғұмырын ұзарта түсті. 2021 жылы «Бестің шайы» бағдарламасы Қармақшы ауданына қарасты елдімекендерге сапарға шықты. Шалғайдағы аудандарда танылған таланттармен әңгімелескен Мадияр қызықты материалдардың қатарын толықтырды. Аталған абыройлы еңбектің бәрі Қармақшы аудандық мәдениет үйінің фейсбук әлеуметтік парақшасында үздіксіз жарияланып отырды.
Ал биылғы жыл Мадияр үшін де, мәдениет ордасы үшін де үлкен жетістіктерге толы болды. Себебі Жалағаш ауданында өткен Тынымбай Мәдиев атындағы халық театрларының облыстық байқауында аудандық театр жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Театр ұжымы бұл байқауға Медеу Сәрсекенің «Тендрге түскен келіншек» драмасының бірінші бөлімін сахналаған болатын. Осы еңбегі үшін жас режиссер қала, аудан әкімінің, басқарма басшыларының алғыс хатымен марапатталып келеді.
Байқағанымыздай, Мадияр Махамбет тек театр қойылымын ұйымдастырумен шектеліп қалған талант емес. Қолы қалт еткенде аудандық іс-шараларда бой көрсетіп, кеш жүргізуші ретінде көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап үлгереді. Мұның өзі Мадиярдың өмірлік ұстанымына берік екенін аңғартады. Себебі өнерпаз жігіт «Мәдениет саласында қызмет ететін адам жан-жақты болу керек. Үздіксіз ізденіп, үнемі дамып отыруы қажет» деген қағиданы басты ұран еткен. Елгезек жас қоғамның түрлі саласындағы жаңалықтарды қалт жібермей, санада саралауды әдетке айналдырған. Осы орайда Мадиярдан саладағы қандай олқылықтар мен мәселелерге көңілі толмайтынын сұраған едік.
− Бұрынғыдай емес, қазір мәдениет саласындағы жалақы мәселесі жылдан-жылға реттеліп келеді. Алайда жастар ұсынған жобаларға мемлекет тарапынан әлі де болса қолдау көрсетілсе құба-құп. Қазіргі кезде мені аудандардағы мәдениет үйлерінде жұмыс істейтін ансамбль, фольклор, оркестрлік құрамның мықты дамымай отырғаны алаңдатады. Әрі театр ұжымдары тарихи драма, Тәуелсіздік тақырыбындағы спектакльдерді ұсынуға басымдық беруде. Әрине, бұл тақырыптарды жиі қозғаған дұрыс. Алайда қазір халыққа қоғамда белең алған оқиғаларды сахналаған тақырыптар өзекті және олар ешқашан маңызын жоймайды. Өйткені көрермен өзіне қажет дүниені, рухани бос кеңестігін біздің қойылымдар арқылы толтыратыны анық. Бұл мәселені барлық өңірдегі әріптестеріме үндеу ретінде айтқым келеді. Қазір мен осы бағытқа ерекше ден қойып, жұмыс жасаудамын. Жалағаш ауданында үздік деп танылған «Тендрге түскен келіншек» қойылымы да қазіргі қоғамдағы жас отбасылар арасындағы мәселелерді суреттейді. Біз өзіміз көтерген актуалды тақырыпты жан-жақты, терең қозғап қоймай, сол мәселенің шешімін халықпен бірге іздеуге тырысамыз, − дейді М. Махамбетов.
Өнер адамының үлкен арманға ұмтылмайтын кезеңі болған емес. Олар халықтың рухани әлеміне бар жақсыны беру үшін алтындай құнды уақытын, маңдай терін арнауға әзір. Мадияр да өнерге, сахнаға өмірін арнаған жандардың бірі. Содан болар оның алдағы жоспарлары да мәдениет саласымен біріккен.
− Жыл сайын қоғамға қажет, халық сұрасына ие болатын құнды дүниелерді ұсынуды мақсат еттім. Бұл бағытта жастардың айтары да, берері де көп. Сондықтан олардың тың, ерекше идеяларын жарыққа шығару мақсатындаy Youtube арнасын ашу жоспарымда бар. Сондай-ақ режиссер ретінде түрлі жанрларды, әсіресе комедия, психологиялық бағыттағы қойылымдарды сахналауға еңбек еткім келеді, − дейді кейіпкеріміз.
«Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен болашағына қам жеген бір адамға әйгілі данышпан. Мадияр тәрізді ұстанымы берік, өнерге адал, жанашыр жасты көргенде аудандағы мәдениет саласының әлі-ақ көркейіп, кемелдене түсеріне сенім арта түседі.


Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!