Біздің қоғамда еңбекқор адамдар қоғамның дамуына үлкен үлес қосып келеді. Олар таң азаннан қара кешке дейін, кейде тіпті түн ортасына дейін жұмыс істейді. Алайда олардың еңбегі лайықты бағаланбай, айлық жалақылары төмен есептеледі. Ал кейбір адамдар сайыстарда немесе сайлауларда ақша арқылы жеңіске жетіп жатады. Мұның әділетсіздік екені анық. Осындай әділетсіздік қоғамның дамуына кедергі келтіріп, еңбекқор адамдардың мотивациясын төмендетеді. Өкінішке қарай, қоғамдағы көптеген адам мұны түсінбейді немесе елемейді. Біз мұндай жағдайда үнсіз қалмауымыз керек.
Еңбекқор жандардың еңбегінің бағаланбауы қоғамда жиі кездеседі. Көп адам өз өмірі мен уақытын қоғамға арнап, маңызды қызметтер атқарады. Мысалы, ауылдағы мұғалімдер, дәрігерлер, қызметкерлер мен фермерлер – барлығы қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандар. Алайда олардың еңбегі көбіне лайықты марапатқа ие болмайды. Табысы аз, әлеуметтік жағдайлары төмен. Бұл жағдай жастардың өз күш-жігерін дұрыс бағытта пайдаланудан бас тартуына әкелуі мүмкін.
Қолдан жасалған жеңістер – қоғамға үлкен қауіп. Қоғамдағы әділетсіздіктің тағы бір көрінісі – сайыстар мен сайлауларда ақша арқылы жеңіп кету. Кейбір адамдар өз қабілеті мен еңбегінің арқасында емес, қаржылық мүмкіндігін пайдаланып алға шығады. Мысалы, кәсіпкерлік жарыстарда немесе мектеп, колледж, университет деңгейіндегі сайыстарда ақша арқылы дауыс жинау әлі де кездеседі. Мұндай әділетсіздік еңбекқор адамдарға мүмкіндік бермей, қоғамда сенімсіздік туғызады.
Қоғамның үнсіздігі – әділетсіздіктің жалғастырушысы. Ең өкініштісі, қоғам бұл әділетсіздікке көп жағдайда үнсіз қарайды. Көп адам бәрін көріп тұрса да, қорқып немесе бей-жай қарап қалады. Ал бұл үнсіздік әділетсіздіктің одан әрі жалғасуына жол ашады. Мысалы, ауылдық жерлерде мұғалімдер, дәрігерлер мен фермерлердің еңбегі аз бағаланып, ал кейбір бай немесе ықпалды адамдар сайлауда жеңіске жетіп жатады.
Ауылдық жерлерде дәрігерлер күні бойы науқастарды қабылдап, өз өмірін осы салаға арнайды, бірақ олардың айлығы қаладағы әріптестеріне қарағанда бірнеше есе төмен. Мектеп мұғалімдері қосымша сабақ өткізіп, оқушыларды дайындайды, алайда бұл еңбек көп жағдайда ешқандай марапатсыз қалады.
Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, майлы қасықтай шылпылдайтындар жеңімпаз атанып, әділ еңбектенген жандар мүмкіндіксіз қалып кетеді. Мұның барлығы – қоғамның қаупі. Әділетсіздіктің салдары ауыр. Мұндай әділетсіздік қоғамда сенімсіздік тудырады. Еңбекқор жастар өз күш-жігерін дұрыс бағытқа жұмсауға күмәнмен қарап, кейде мүлде басқа жолды таңдауға мәжбүр болады.
Әділетсіз жеңістер мен бағаланбаған еңбек – экономикалық әрі әлеуметтік дамуға үлкен кедергі. Сонымен қатар, әділетсіздікті көріп тұрып үнсіз қалу – қоғамдағы қорқыныш пен бей-жайлықтың белгісі.
Еңбек пен әділетсіздікке үнсіз қалу қоғам дамуына кедергі келтіреді. Біз еңбекқор адамдардың еңбегін бағалап, әділдік үшін күресіп, өз ойымызды ашық айтуымыз керек. Әр адам өз әрекетімен әділетті қоғам құруға үлес қосуы тиіс. Біз еңбекқорлардың еңбегін, әділеттілікті және шынайы жеңістерді қорғауға міндеттіміз.
Біз әділетсіздікке үнсіз қалмаймыз!
Айгерім ЕСІМХАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
