Адам өмірінің әрбір кезеңінің алға қоятын мақсаты, атқаратын міндеті, одан да биік, жауапты кісілік парызы бар. Соның бірі – әкелік парыз.
Әке – өз ұрпағын өмірге әкеліп, әулеттің тіршілігін жалғастыратын биологиялық тұлға ғана емес, сонымен қатар балаларына тәлім-тәрбие беретін, өмірлік құндылықтарға баулып, болашағын қалыптастыратын руханияттың қайнар көзі.
Әке болу – қасиетті де қастерлі міндет. Бұдан ұрпақ жалғастығы ғана емес, әулеттің әрбір буынының сабақтастығын да көреміз. Біздің әулетте ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан халықтық дәстүр мен ұлттық мәдениеттің тәрбие мектебі Зордан Салықбаев атамыздан бастау алады. Мемлекетке, қоғамға бар жан-тәнімен қызмет етіп, бойындағы бар асыл дүниесін халқына арнау – атама тән қасиет. Ол кісінің поэзия мен қазақтың қара сөзіндегі орны да, қалдырған рухани байлығы да, соған орай халықтың құрметіне ие болуы да – соның дәлелі. Жалағаш кентінде Зордан Салықбаев көшесімен жүргенде бойымды ерекше толқыныс пен мақтаныш сезімі билейді.
Атам балаларының тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың жоғары білім алуына, өзінің ізгілікті ісін жалғастыруына мүмкіндік жасаған. Әділдік, туралық, білім-білігіңмен, маңдай теріңмен күн көру, көптің мақсатын жеке мүддеден биік қою – біздің әулетімізде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнегелі жол. Менің де осы қиын болса да қастерлі соқпақпен жүргім келеді. Әкем Зорданұлы Үсен – менің жаныма ең жақын, кез келген жағдайда түсіністік танытатын, әкелік махаббаты мен өрелі болмысы жүрегіңді жылытып тұратын жан. Ол қашан да жанымыздан табылып, әкелі-балалы болып әңгімелесіп, сырласып, ақыл-кеңесін айтып, көңілімізге де, жүрегімізге де жол таба білді. Балалық қателіктеріміз де болды, алайда әкеміз бізге ешқашан дауыс көтерген емес. Тіпті өзге адамдарға да ауыр сөз айтқанын естіген емеспін. Қандай ортада болсын өзін ұстай білетін, көпшіл, парасатты кісі еді. Қашанда өнегелі сөз айтып, өз әкесі мен атасынан алған тағылымды біздің бойымызға сіңіруге тырысатын. Білім алудың маңызын айтып, тәрбие берген әкем өмірдің қыр-сырын да үйретті. Оның санамда қалған соңғы өсиеті: «Қоғам да, адам да өзгереді. Өркениеттің негізінде тәрбиелілік пен ақыл-парасат жатуы керек. Адамның сөзіне емес, ісіне қара. Әркім әдемі сөйлей алады, бірақ сөз бен ісі бір болуы керек. Маңыздысы – адамның іс-әрекеті. Сөзі мен ісі қабыспайтын адамдарға сенбе, олардан сақтан. Жақсыны да, жаманды да, досты да, дұшпанды да тани білуді үйрен. Саған түрлі ниетпен жақындайды: біреулер шынайы дос болса, екіншілері өз пайдасын ойлайды. Тек байқампаз бол», – деген еді.
Бұл өсиет менің өмірлік бағдаршамыма айналды. Ешқашан артық сөз айтпай, ақылын жүрекке жетер салмақпен жеткізетін әкемнің әрбір ісі мен сөзі – мен үшін өмірлік азық, тәрбиелік сабақ. Әкем – қайсарлықтың, қарапайымдылықтың, адалдық пен ақыл-парасаттың, шынайы сүйіспеншілік пен мейірімнің айқын көрінісі.
Нұрай ЗОРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!