Сот шығыстары – азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж бен шығындардан тұрады. Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі мен мөлшері, сондай-ақ оны төлеуден босату негіздері «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.

Мемлекеттік бажды бюджетке төлеу төлем құжаттарымен немесе кассалық құжаттармен, ал төлемдерді банкоматтар, электрондық терминалдар, қашықтықтан байланысу және «электрондық үкімет» төлем шлюзі арналары арқылы төлеген кезде қағаз жеткізгіштерде немесе электрондық түрде чектермен және түбіртектермен расталуға тиіс.
Ол бастапқы және қарсы талап қоюшыға, сондай-ақ кассациялық шағым берушіге жүктеледі. Ал ҚР Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 108-бабына сәйкес іс жүргізуге байланысты шығындарға: куәларға, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар; тиісті орында қарап-тексеруді жүргізуге байланысты шығыстар; заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығыстар; жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру бойынша шығыстар; іс бойынша жарияланым мен хабарландыруларға байланысты шығыстар; тараптарға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға хабарлау және оларды сотқа шақыру бойын­ша шы­ғыстар; тарап­тар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жай­ларды жалдау бойын­ша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары; өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар өтелуге жатады деп танылған.Талап қоюшы немесе қарсы талап қоюшы азаматтық тәртіппен сотқа талаппен (қарсы талаппен) жүгінген кезде сот шығыс­тарын қарсы тарап­тан өнді­руді сұ­ра­уы мүм­кін. Бірақ сот шы­ғыс­тары та­лап­тың мә­ніне кірмейді.
Осы ретте ескере кететін жайт бар. Іс тәжі­рибеде көр­сет­кен­дей сот шы­ғыс­та­рын та­лап ретін­де қарас­тырып, ол үшін артық мем­ле­кеттік баж төлеп жата­тын кез­дер кез­десіп жата­ды. Негізінде сот шығыстары үшін мемлекеттік баж төлеудің қажеттілігі жоқ. АПК-нің 226-бабының 6-бөлігінің талабына сай шешiмнiң қарар бөлiгiнде сот шығыстарын бөлу туралы мәселе шешіледі.Сот өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға – талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
Егер талап қоюшы мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарды төлеуден босатылса, мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады. Өндіру жөнінде сот актісінде көрсетіледі.
Сонымен қатар азаматтық іс жүргізуде қорғаушының қызметақысына қатысты да даулы мәселелер болып жатады. АПК-нің 113-бабының 1-тармағында мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шекте өндіріп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспау тиіс. Көпшілік жағдайда мүліктік сипаттағы талаптар бойынша өкілдің қызмет ақысы соманың он пайызынан асып кететін жағдайлар да кездесіп жатады.
Тараптар бітімге келген жағдайда олардың арасында жасалған бітімгершілік шартында сот шығыстарын өндіру мәселесі де қаралуы мүмкін. Яғни оған сот шығысын дауламау немесе өзара келісім негізінде қарсы тараптан өндіру жатады. Сонымен қатар тараптар бітімге келген уақытта төленген мемлекеттік баж сот ұйғарымымен кері қайтарылады.

А.ӘБІЛҚАЙЫСҚЫЗЫ,
облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!