Жыл сайын мектеп бітіру кеші мыңдаған түлек үшін ерекше әрі есте қалатын сәтке айналады. Бұл – оқушылардың мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын маңызды кезеңі. Алайда кейінгі жылдары бұл мерекенің мәні өзгеріп, қарапайым әрі тәрбиелік іс-шарадан сән-салтанат пен бәсекелестікке толы шараға айналып бара жатқаны қоғамда алаңдаушылық туғызуда.
Биыл елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 215 мыңнан астамы мектеп қабырғасымен қоштасып, жаңа өмір жолына қадам басатын түлектер. Осындай ауқымды мерекелік кезеңде мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру мәселесі Мәжіліс қабырғасында да көтерілді.
Депутат Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, кейінгі жылдары мектеп бітіру рәсімдері өзінің негізгі тәрбиелік мазмұнынан алыстап кеткен. Қымбат көліктерден құралған кортеждер, сәнді мейрамханаларда өткізілетін кештер, бағасы жоғары киімдер, үлкен гүл шоқтары мен кәсіби фото-видео қызметтер ата-аналарға айтарлықтай қаржылық салмақ түсіруде. Кейбір отбасылар балаларынан қалмау үшін несие алып немесе қарызға батып жатқаны да жасырын емес.
Сонымен қатар мұндай сән-салтанат қауіпсіздік мәселесін де туындатады. Мәселен, Алматы қаласында мектеп түлектерінің автокортеж ұйымдастыруына байланысты бірнеше ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл жағдай мектеп бітіру кештерінің тек материалдық емес, қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды мәселе екенін көрсетті.
Осыған байланысты депутаттар мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді ұсынып отыр. Негізгі мақсат – түлектердің білім жолындағы жетістіктерін атап өтіп, ұстаздар мен ата-аналарға алғыс білдіретін қарапайым әрі мазмұнды мереке ұйымдастыру.
Білім және ғылым министрлігі де бұл мәселеге ерекше назар аударуда. Ведомство мектеп бітіру кештерін қымбат мейрамханаларда емес, мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды. Министрліктің пікірінше, бұл күннің басты мәні сәнді киім немесе мол дастарқан көрсету емес, оқушылардың мектептегі жарқын естеліктерін жаңғыртып, ұстаздары мен ата-аналарымен бірге өткізетін тағылымды кездесу болуы тиіс.
Сондай-ақ мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру кезінде оқушылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік мектеп әкімшілігіне жүктелетіні ескертілді. Сондықтан барлық шара қауіпсіздік талаптарына сай өткізілуі қажет.
Мәселенің өзектілігі Түркістан облысында да байқалды. Биыл өңірдегі 106 мектептің 35 мыңнан астам түлегі соңғы қоңырау салтанатына қатысады. Осыған байланысты білім басқармасы мен құқық қорғау органдары ата-аналар мен түлектерге қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде арнайы ескерту жасады.
Шын мәнінде, мектеп бітіру кешінің құндылығы оның қанша қаржы жұмсалғанында емес. Оның басты маңызы – оқушының білім ордасымен қоштасуы, достарымен, ұстаздарымен өткен жылдарды еске алуы және болашаққа сеніммен қадам басуы. Сондықтан бұл мереке даңғаза мен бәсекенің емес, тәрбие мен тағылымның үлгісіне айналуы тиіс.
Қоғам болып мектеп бітіру кештерінің бастапқы мәнін сақтап қалсақ, жас ұрпаққа қарапайымдылықтың, жауапкершіліктің және адамгершілік құндылықтардың маңызын көрсете аламыз. Өйткені түлектің болашағын анықтайтын сәнді кортеж емес, алған білімі мен тәрбиесі.
Әлішер Ернияз,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
