Белгілі публицист, сенатор Нұртөре Жүсіп бір мақаласында әлеуметтік желі қолданушыларына «Желіге байланған жұлын» деген тіркесті қолданған болатын. Расында да, қазіргі кезде жас та, жасамыс та жұлынымыз жоғары көтерілмей, желіге жіпсіз байланғанбыз. Олай дейтініміз, пайдасы мен зияны бірге жүріп келе жатқан әлеуметтік желі бүгінде даму сатысында тұр. Қазір бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желі қызық. Десе де, желіні түрліше өз қажетіне жаратып, тиімді жолын тауып жатқан адамдар бар. Интернеттің пайдасы адамдардың еш кедергісіз бір-бірімен тез байланыса алуымен қоса, керек деректерді осы әлеуметтік желіден таба алуы десек, артық емес.

Дегенмен артықшылық  көзін оңай жолмен табамыз деп абыройына нұқсан келтіріп жүрген жандар қаншама. Сондай-ақ, желінің осалдығы ең алдымен адам баласының алтыннан да қымбат уақытын алуында екені белгілі. Оған қоса ұялы телефонның адам ағзасына тигізер кесірі де бар. Белең алып, қолданыста жүрген әлеуметтік желілердің түрлері  ̶  Instagram, TikTok, YouTube, Facebook, WhatsApp. Осы желілерді тиімсіз қолданып, абырой-атақ деп қазақ менталитетіне жат әрекет жасап жатқандар көп. Әрине, бұл қажетсіз істерге байланысты интернет желісіне қарсы келіп, жабу әсте мүмкін емес. Десек те, интернетті өз қамына асыра сілтеп қолданып жүрген адамдардың көзқарасын, іс-әрекеттерін жою үшін қоғамды жаңа бетбұрысқа қарай үгіттеуіміз керек.

– Бүкіл әлемде әлеуметтік желі қолжетімді әрі цензурасыз, әркім өз ойын ашық айтатын алаңға айналып отыр. Дегенмен қазіргі кезде әлеуметтік желіні өз пайдасына асыра қолданып жүргендері адамды қынжылтады. Әрине, біз зайырлы мемлекетте тұратындықтан кез келген адам өзінің жеке парақшасында ой-пікірі мен видео, суреттерін бөлісе алады. Десе де, бұл жағдайда тоқтам болу керек. Себебі, қоғамға ортақ құрылғы болғандықтан шектен тыс кеткен жөн емес. Жеке тұлға ретінде «мен білемін»  дегендікке салынып, түзу жолдан тайғандар С.Торайғы­ровтың  «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деп айтқанындай өмірдің бумеранг екенін ұмыт­пау керек. Сон­дықтан әлеу­меттік желінің этикасын қатаң сақтау маңызды. Қазір желі пайдаланушыларын қарап отырғанда көп қателерді көріп, қатты қарнымыз ашады. Себебі, интернет қолдану­шыларының басым бөлігі кішігірім тыныс белгілерінен қате жіберіп жатқанын көз көріп жүр. Әдебиет – өмірдің айнасы деп білсек, әлеуметтік желіні де адамның айнасы ретінде қарауымыз керек. Сонымен қоса әлеуметтік желінің қазіргі жағдайына заң аясында біршама шаралар жасап, мектеп, университет қабырғала­рында түсіндірме сабақтарын жүргізуді нақты қолға алу қажет, – деп  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика мамандығының аға оқытушысы Асыл Оразова әлеу­меттік желі жайында пікірімен бөлісті.

«Ертегісіз өскен бала  ̶  рухани мүгедек адам» демекші, қазіргі үлкен қарияларымыз немереге ертегі, әңгіме айтудан қалған. Ал балалар баяғыша асыр салып далада ойнамайды. Керісінше, кішісіне үлкені қосылып интернет шарпыған заманда қатарласа желі белсенділеріне айналғаны жабырқатады. Шынтуайтына келгенде, арам  жолы мен адал жағы қатарласқан интернет құрылымы қазақтың ұғымына бейтаныс. Кей ақпараттардан келешек жастар пайымды тағылым алмай, әдеп-ғұрпымыздан асып, салт-дәстүрімізді сақтамай, қазаққа жат тәлім-тәрбиелерді бойына сіңіруі әбден мүмкін. Сондықтан «тәрбие  ̶  тал бесіктен» демекші, ең алдымен тәрбие жағын реттесек, ұлттық құндылығымызды жоғалтпаймыз. Әлеуметтік желінің жақсы жағын жиі-жиі айта отырып адамдардың аяқ басар бағыты өзгеретіні айқын. Мысал үшін, интернет беті арқылы көптеген авторлардың түрлі шығармаларын электронды нұсқада оқуға болады.  Сонымен қатар желіде өз бизнесін бастап, дамытып, жүргізіп жатқан жандар да өздерінің пайдалы тұстарын көрсетіп-ақ жүр. Тағы да, әлеуметтік желінің жаңа бастамаға, өзгеше талпыныс пен ой ұшқырын кеңейтетін әрқилы идеяларды тудыратын күш екеніне көз жеткізе аламыз. Осы төртбұрышты көгілдір экранға тәуелділік  жайында психолог маманның кеңесіне жүгінгенді жөн көрдік.

– Қазір әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Кей адамдар смартфон немесе планшет арқылы әлеуметтік желіге көп уақытын жұмсайды. Бұл құрылғы қызығушылықтары сәйкес келетін топтардың бірігуіне мүмкіндік береді. Өлшемсіз пайдаланылған әлеуметтік желіден бас тартып, уақытын үнемдей алмау тәуелділікке апарады. Әлем бойынша «номофобия» деген түсінік пайда болды. Бұл  ̶  ұялы телефонсыз қалудан қорқу. Қазіргі таңда адамдар арасында басым көрсеткіштегі фобия түрі деп айтсақ болады. Кез келген жан интернет желісін коммуникация құралы ретінде, яғни,  теледидар, радио және тағы да басқа нұсқада қарау керек. Оны білімімізді жетілдіруге, оқуға бағыттаушы құрал ретінде қажетімізге жаратқа­нымыз абзал. Жастар әлеуметтік желіге қарап бой түзейді, өзін қалыптас­тырады. Ол жаңа буын үшін осынысымен құнды. Ендеше, техниканың жақсы тұстарын қажетіне жарату әркімнің өз еркіндегі дүние екендігін көреміз. Жасөспірімдер үшін тек ересектер тарапынан қадағалау болса жеткілікті. Әлеуметтік желіні көп қолданатын адамдар техниканы қайта-қайта тексеріп, мезгілсіз қарай береді. Сондай-ақ тамақ ішу уақытын, яғни күнделікті режимін бұзады. Өзіне ескертілген тәуелділіктің барын жоққа шығарады. Ашушаңдық, көңіл-күйінің болмауы, шаршау белгілерінің болуы, жалқаулықтың көбеюі пайда болады. Әлеуметтік желіге бағынышты болу  басқа дертке шалдыққан адамдар сияқты психологиялық тұрғыдан науқастықты білдіреді. Желіге басыбайлы мұқтаж жандар ең алдымен интернетсіз бір немесе екі күн демалуы керек. Ал балаларға ата-аналары көбірек сүйіспеншілігі мен уақытын арнайтын болса, бұл дерттен айығуы оңай. Себебі, отбасында әке-шешенің атқаратын рөлі өте зор, – деді «Bilim foundation» қоғамдық қорының аймақтық басшысы, психолог маман Жұмагүл Баянова.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!