Елордада лифтіде әйелін соққыға жығып, қабырғасын сындырды делінген ер адамның анасы Amanat партиясының және Шымкент қаласының әйелдер мен балалар істері жөніндегі қоғамдық бірлестігінің мүшесі екені анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz порталына сілтеме жасап. 

Сондай-ақ ер азаматтың анасы Гүлайым Шұңғараева Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер болып жүр. Өзінің праймериз бағдарламасында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресіп жүргенін айтқан. 

Қазіргі уақытта ол өзі туралы ақпаратты әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан өшіріп тастаған. 

Гүлайым Шұңғараева өзі бұған дейін ұлының мұндай әрекетін көрген емеспін, ер азаматтың әйел адамына қол көтергенін құптамаймын деп отыр. 

«Бұл Шымкентте емес, Нұр-Сұлтанда болған оқиға. Ол кезде мен олардың қасында болмадым. Әрине, бұл өте қиын нәрсе. Мен ұлымды жақтап отырған жоқпын. Бүкіл әйел қауымынан кешірім сұраймын. Бұл дұрыс емес. Қай ана баласына «ұр» деп айтады. Қай ана қызына қол жұмсалғанын қалайды. Мен де түсініп тұрмын, маған да қиын болып тұр. Олар менімен 4 жыл бірге тұрды, 2 немерем бар. Сол аралықта балам келініме ешқашан қол жұмсаған емес. Іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл оқиғаға қатысты нақты ешнәрсе айта алмаймын», — дейді Гүлайым Шұңғараева.

Алайда күйеуінен зәбір көрген Шұңғараеваның келіні енесінің отбасындағы жағдай туралы біле тұра, бірнеше рет оған төзімді болуға кеңес бергенін айтады. «Бәрі осылай өмір сүреді, уақыт өте келе бәрі өзгереді» деген екен келініне. 

Гүлайым Шанғараеваның ұлы Елнұр Байметов шымкенттік GENERAL STROY GROUP құрылыс компаниясын басқарады.

Айта кетсек, Елнұр Байметовтің әйелін аяусыз ұрып-соққан видеосы бір күн бұрын пайда болды. Бірақ оқиға наурыз айында болған. Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі онымен бірге жеделсатының ішіне кіреді де, кенет арт жағынан бастан ұра бастайды. Ол, тіпті, есін жоғалтқан кезде де ер адам ұрып-соғуын жалғастыра берген. Бұдан бөлек ол таңертең үйдің ішінде басынан ұрған.

Полиция департаментіндегілердің айтуынша, қазіргі кезде бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс тіркелген.

«Жүргізілген сот-медициналық сараптамаға сәйкес жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген. Күдіктіге «ешқайда кетпесін және өзінің мінез-құлқын реттесін» деген шара қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды», — дейді полицейлер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!