Облыстық кітапханаға жиі барамыз. Оқырман залында кітап оқып, кітапханашылармен тілдесіп, кеңес аламыз, мұнда өтетін мәдени іс-шаралардан қалмауға тырысамыз. Бірде сирек кездесетін кітаптар жайында құлағымыз шалды. «Ол қандай кітаптар екен?» деген сауал маза бермей, жақында Гүлдерайым Досбергенқызын іздеп, арнайы бардық. Ол – Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі.

Гүлдерайым Қосназарова әуелі залмен таныстырды. Кірсең, расымен шыққың келмейді. Себебі мұнда тұрған кітаптарды дүкен сөрелерінен көрмейсің. Бөлім меңгерушісінің айтуынша, мұнда сирек кездесетін 1400-ге жуық кітап бар.

− Бұл шығармалар бірнеше ғасыр бұрын жазылған соң беттері жыртылып, біршама өзгеріске ұшыраған. КСРО кезінде діни кітаптарды жерге көміп, жасырын ұстаған, сондықтан біз кітаптарды қайта өңдейміз. Сонымен қатар өзге тілден аудару да жауапты әрі қиын процестің бірі. Себебі бұл кітаптар көне тілдерде жазылған.

Ал ол тілді білетін, түсінетін маман табу қиын. Аудармашы болмағаннан кейін қаншама кітап қазақ тіліне аударылмай да қалып жатыр.

Облыстық кітапханада сирек кездесетін 1400 кітап бар

Ал оларды сақтауға келсек, кей кітаптардың мұқабасы мен беттері ескіргендіктен, олар температура мен ылғал деңгейі сақталатын арнайы бөлмеде ұсталады.

Сирек кездесетін кітаптар оқырманға үйге алып кетуге берілмейді. Олармен тек арнайы оқу залында жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Көрмелерде сыртынан бақылауға, оқимын десеңіз онлайн форматында оқу мүмкіндігі бар. Себебі көптеген кітаптың бір ғана данасы сақталған, − дейді Гүлдерайым Досбергенқызы.

Сұхбат барысында қолмен жазылған сирек кездесетін кітаптарды көрдік. Олардың қатарында Һижра жылымен 1293 жылы жазылған Құран кәрім, Ватикан нұсқасы мен түрік тілінде жазылған Қорқыт ата кітабы, Қана-Абдулла-Рук-Ху. Мұраділ- Арифин: Мұрат-мақсатқа жету кітабы, дұға кітабы мен қолжазбалар, 1870 жылы ескі түрік тілінде жазылған Мәулет кітабы мен 1904 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жазылған кітаптар бар.

Облыстық кітапханада сирек кездесетін 1400 кітап бар

− Бұл кітаптар бірнеше ғасыр бұрын жазылған. Мұнда кездесетін мағлұматты көп кітаптан таппайсыз. Олардың ерекшелігі де сол, кез келген кітапханада болмайды, олардың тарихы, ішіндегі мазмұны өте ерекше. Байқағандарыңыздай, көне түркі, араб, парсы тілдерінде жазылған. Кітаптың ішкі, сыртқы көрінісі де басқаша, қазіргі немесе жақын арада шыққан кітаптардан өзге.

Көптеген қолжазба бізге 2004 жылы келді. Қазірде де қала тұрғындары өздері тапқан кітаптарды бізге келіп тапсырады. Ол қолжазбаларды осыдан бірнеше ғасыр бұрын тұрғындардың ата-бабалары оқыған, солардан мұра болып қалған, − дейді бөлім меңгерушісі.

Осы жолғы танымдық сапардан көргеніміз, түйгеніміз мол болды. Кітапхана барайық, кітаппен дос болайық, оқырман!

Ескендір БАХРАДИН,
Абай АСҚАРҰЛЫ,
Расул ЖАХАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
студенттері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!