Өткен жылы дәл осы күндері еліміз ауыр сынақтармен бетпе-бет келді. Мемлекетке қарсы, еліміздің Конституция­лық құрылымына қарсы террористік шабуыл жасалды. Бейбіт шерудің себебі бір бөлек еді. Ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты мүлде басқа болғаны анық. Кешегі қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді…

Өткенге амалсыз ойыссақ. Алдымен жүгенсіз кеткен лаңкестік топ әлеуметтік желіде жақтас тарту, шеруге шақыру мақсатында бейнеүндеу жасаса, соңы мемлекеттік маңызды нысандарға басып кіріп, тәртіп сақшыларын соққыған жыққан қантөгіске ұласты. Нәтижесі бағамдауға ауыр.

Тарих сахнасында қаралы күннің бірі болып қалатын қаңтар оқиғасы бірқатар саланы аяқтан шалды. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз. Мен Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасаймын» деген  пікір білдірген еді.

Мыңдаған отандасымыз – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткенінің арқасында көп ұзамай ахуал тұрақталды. Жер-жерде әлеуметтік-саяси нысандарды қалпына келтіру, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған шаралар легі жалғасты. Президент Жолдау жариялап, Үкіметтің жаңа құрамы бекітіліп, саяси реформалардың жаңа пакеті таныстырылды.  Жаңа Қазақстанның дамуына негіз болатын жобалар азаматтық қоғам және сарапшылармен кеңейтілген әрі конструктивті диалог негізінде дайындалды. Мемлекет өзінің базалық функцияларының толыққанды және сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиістігін айтты. Бастысы, қасіретті күндердің мән-жайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құрамына еліміздің беделді құқық қорғаушылары енген қоғамдық комиссиялардың үлес қосқаны қуантады. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалған ұранға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда, ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға рақымшылық жасалды. «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы мейірімділік, адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделген. Бұл заң өткен жылдың қараша айында Сенаттың жалпы отырысында қабылданды.

– Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ізгілік идеясының негізінде бір реттік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Ұсынылған заң жобасы қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі болып отыр. Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартып отыр. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шықты. Басқа істер тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады, –деді сенатор Ләззат Сүлеймен.

Осы орайда заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталсақ. Жасалған қылмыстың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген.   Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жаса­ғандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсі­нуге болмайды. Бұл – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі.

Өткен жылдың соңына қарай қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсімі жылды айшықтағанын да айту керек. Мемориал қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналады. Мемлекет басшысы мемориалдың қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғызылғанын айта келе қаралы қаңтардан соң бір жылға жуық уақыт өткенін, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын атап өтті.

«Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Енді мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз», – деді Мемлекет басшысы.

P.S. Тыныштыққа талпыну ынтымаққа ұйысудан туатыны аян. Бейбіт күннің қадірін білу, ел болашағын жарқын етуге ұмтылу да осы қағиданың шеңберінде ғана жүзеге аспақ. Ел басына түскен қайғылы оқиға осы ұстанымды шайқалтпай, шаттық пен берекені кетірмей, өмір сүруге күш салу қажетін ұқтырған секілді. Елі үшін жан қиып, халықтың тыныштығы үшін жарақатқа төзген азаматтардың бар тілегі де, тілеуі де – бейбітшілік. Ынтымақтың қадірін білген жұрт қана қайта оқ атылмауын, қаны бірдің қан-қасап майданда жолықпауын мақсат тұтады. Біз де осы жолда жұмылсақ, алдан жарқын болашақ күтеріне күмән жоқ.

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!