Өзбекстанның Сұрхандария облысында төрт аяқты нәресте өмірге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.
БАҚ-тың жауынша, ұл бала 28 сәуір күні Сұрхандария облысының Шеробод ауданында туған. Келесі күні ол Самарқандтағы медициналық орталыққа жеткізілген.
Сәбиден туа біткен даму ақаулары анықталған. Хирургтер екі күрделі ота жасап, артық дене мүшелерін алып тастаған. Олардың екеуі толық дамымаған әрі қозғалмайтын болған. Қазір сәбидің жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Бірақ оған тағы бірнеше операция жасалуы тиіс.
Дәрігерлер мұндай сирек кездесетін патология кезінде өмір сүру көрсеткіші төмен болатынын айтады. Десек те, мамандар баланың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп отыр.
Daryo.uz мәліметінше, жүктілік кезінде әйел 26 және 36-ыншы аптада жоспарлы скринингтен өткен. Бірақ тексерулер кезінде патология анықталмаған. Дәрігерлер кіндік бауы мойынға оралуы мүмкін екенін ғана айтқан. Аурухана ультрадыбыстық зерттеу жүргізген маманның өз ісіне мұқият болмағанын мойындады. Самарқанд облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сухроб Зайниевтің айтуынша, жаңа туған сәбиде сиам егіздерінің толық дамымаған түрі болған. Екінші эмбрионның тек төменгі дене бөлігі ғана өскен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
