«Астана-Алматы» бағытындағы авиарейс жолаушысының бомба туралы хабарынан кейін, 170-ке жуық адам ұшақтан эвакуацияланып, әуежай жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін түнгі сағат 02.35-те «Астана-Алматы» бағытындағы әуе рейсінің бортсерігі жолаушылардың бірінің қол жүгінде бомба бар екенін хабарлаған. Бұл туралы бортсерікке жолаушының өзі айтып, пакетін көрсеткен. Алматы облысының 33 жастағы тұрғыны мас болған. Кейін мұны әзіл үшін айтқанын жеткізген.

«Дабыл бойынша барлық жедел қызметтер жұмылдырылып, адамдар эвакуацияланды, соның ішінде ұшақтың 166 жолаушысы бар. Әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды.

Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелеріне үш сағат бойы өз рейстерінің ұшуын күтуге тура келді.

Лайнерді тексергеннен кейін ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.

Құқықбұзушыға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау« бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген мәліметте.

Енді ер адам мемлекеттің, сондай-ақ азаматтар мен жеке ұйымдардың шығындарын міндетті түрде өтей отырып, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бомба туралы әзілдеген жолаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі Ішкі істер министрлігінің және прокуратураның бақылауында тұр», – деп қосты Көліктегі полиция департаментінен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!