Қарағандыда жүкті әйел өлгендер тізімінде жүр. Енді ол жәрдемақы ала алмайды. Болашақ ана тірі екенін дәлелдей алмай әлек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әйел оны өлілер қатарына кіргізген адамның жазалануын талап етті.

“Мамандар менің өлгендер тізімінде екенімді айтты. Картам, арнайы шоттарым бұғатталған. Карта әлі бұғаттаулы, мені өлгендер тізімінен алып тастай жатыр. Енді декреттік төлемақы ала алмай қаламын. Перзентханаға дайындалу қиын болмақ. Жүктіліктің 36-аптасындамын, балаға бесік, арба сатып ала алмайтын болдым”, – деді қарағандылық Надежда Липина.

Липина қайғылы тізімге бұған дейін де енген. Өткен жылы жеке куәлікті ауыстырған кезде оны өлілер қатарына кіргізіп жіберіпті. Тірі екенін дәлелдеу үшін арнайы мәлімдеме жазған. Бұл жолы 39 жастағы Надежда базадағы қатені шешу үшін жәрдемақы есептеумен айналысатын бірнеше әлеуметтік мекемелерді айналып өтуге мәжбүр. Әйел жақын арада туатын нәрестені қалай тіркейтініне алаңдаулы.

Журналистердің араласуынан кейін шенеуніктер болашақ ана енді мұндай мәселеге тап болмайтынын мәлімдеді.

“Бұл техникалық ақау болуы мүмкін, басқа түсіндірме бере алмаймын. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешілуде. Маманмен бірге қайтадан төлем алуға өтінім жазылды”, – деді Қарағандыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша № 3 бөлім басшысы Ольга Баграй.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!