Фото: Видеодан скрин

Павлодар облысында қарт кісі отбасылық жанжалдан кейін ашу үстінде балконнан секіріп кетпек болды. Полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлері тұрғынды құтқарып алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Белгілі болғандай, 29 маусым күні сағат 03.40-та Назарбаев даңғылы бойындағы көпқабатты үйдің балконында ер адамның асылып тұрғаны туралы хабар түскен. Ол балконның ернеуінен ұстап, төменге секіруге оқталған.

Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жанат Данияр, Нұржан Қалиев, Дамир Дүйсембаев және Бауыржан Нұрғазынов дереу жетті.

«Біз барған кезде ер адам 8-қабаттың балконында асылып тұрды. Бірден жоғарыға көтерілдік. Әлгі балконға азаматтың пәтері арқылы ғана кіруге мүмкіндік болды. Оқиға орнында төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге пәтердің есігін ашып, балконға өтіп, әріптесім төмен түсіп, ер адамды денесінен байлап, бірге жоғары шығардық. Ер адам болған оқиғаны түсіндіріп айтып беретіндей жағдайда болмады. Бөлмеде біз онымен тілдесіп, оның жақындарына керек екенін айттық. Сол сәтте біз үшін ең бастысы адамды құтқару болды. Әр секунд маңызды болды», – дейді қызмет инспекторы Нұржан Қалиев.

Белгілі болғандай, қария мұндай әрекетке туыстарымен жанжалдасып қалғаннан барған. Полицейлер оны жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!