Қазіргі жаһандану заманындағы ғаламтор, көгілдір экран мен алуан түрлі фильмдер балалардың назарын жаулап алды. Ата-аналардың көбісі жұмыстан босамай жеткілікті түрде көңіл бөлмейді. Соның әсерінен балалар көп уақытын далада ойнағаннан гөрі мультфильм қараумен өткізетіні белгілі. Тіпті, кейбір ата-аналар «тыныш отырса болды» деп теледидар алдына таңнан кешке дейін отыруына мүмкіндік жасайды. Ал сол аталған фильмдердің баланың жүйке-жүйесіне зиянын тигізетінін білеміз бе?
       Өмірге келген сәттен бастап сәби кез-келген әрекетті, дыбыстарды, естіген-көргендерінің барлығын да толықтай санасына сіңіріп өседі. Ал олардың сана-сезімі енді ғана қалыптасу үстінде болғандықтан мульфильм кейіпкерлерінің іс-әрекетін бірден қабылдайды.

Жанымызды жылуға бөлеп, езуімізге күлкі сыйлаған «Ну, погоди!» «Простоквашинолық үшеу», «Бремен музыканттары» сынды мультфильмдермен қоса бүгінге дейін сүйіп көретін «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қаңбақ шал» сияқты мейірімнен құралған тәрбиелік мәнге толы мультфильмдерді жіберіп алмас үшін экран алдына жүгіргеніміз жадымызда мәңгі сақталмақ.

Ал бүгінгінің балалары «Қаңбақ шал», «Қырық өтірік», «Құйыршық», «Қожанасыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сынды мультфильмдерге қызықпайды. Себебі, онда оқиға желісін автор түсіндіріп тұрады. Балалардың тамашалайтыны бір-бірін қуып, жолдағы кездескеннің бәрін қирататын «Том мен Джерри», әркіммен қақтығысып, ұрысып жүретін «Спанч Боб», бәрін қыратын «Кунг-фу панда» және аюдың тілін алмайтын кішкентай қыз Маша.

Кез келген мектеп оқушысынан сұрасаңыз Шрек пен Спанч Бобты, Дара мен Диегоны, Бэтмен мен Кайланы, темір адам Тоботты туысқанындай танып, жеті атасын жатқа айтқандай судыратады. Мұндай мультфильмдерден балалар теріс тәрбие алып жүргені өтірік емес. Оқиға желісі шытырманға толы, кейіпкерлері ұрда-жық.

«Джеки Чан», «Айдаһарлар мен жауыздар» т.б. саны бар сапасы жоқ мультфильмдердің де мазмұны «зұлымдық» ауылынан алыс емес. Олар баланың досы емес, сол баяғы батыстың шырғалаңы.

 Бала экрандағы жақсы, жаман кейіпкерлердің қылықтары мен іс-әрекеттерін айна-қатесіз қайталайды. Осылайша өзін сол мультфильмнің батыр кейіпкеріндей санайды. Теледидар өмірінің ажырамас бір бөлігі болып қалады. Үлкейген сайын балаларды экраннан алыстатуымыз да қиынға соғады. Ал оның соңы тәуелділікке апарып соғады.

Жоғарыда айтып өткен бұрынғы мультхикаялар мәңгілік рухани мұра. Себебі, әрқайсысының желісінде қызықты тақырыпқа құралған аса кірпияздықпен бейнеленген халқымыздың салт-дәстүрі, тәлім-тәрбие жатыр.  Десек те, бүгінгі технологияның күннен-күнге қарқынды дамып келе жатқан заманында отандық мультипликациялық туындылардың өткен ғасыр деңгейінде қалып, шетел туындыларына бәсекелестік жасауға қауқарсыз болғаны өкінішті. Бір қарағанда бүлдіршіндердің шетелдік мультфильмдерді көріп өскенінің еш зияны жоқ. Алайда, мұндай жағдайдың жақсы жағы да шамалы.
         Сондықтан бала қандай да бір фильм немесе мультфильмдер көретін болса мазмұнына мән беру қажет. Бірге көріп, сол мультфильмге талдау жүргізген абзал. Бала көргенінен сабақ алды ма? Ерінбей жіті қадағалаған дұрыс. Сонда ғана қазақ анимациясы үлкен жетістікке жетіп, қайта жанданады.

Аида АЙТБАЙ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!