Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен үшінші рет Атырау қаласында өткізілген Ұлттық құрылтай ұлттық сипатқа ие. Осы ретте жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу аясында ұйымдастырылатын тіл айлығы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткен болатын. Жиын барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, тіл жанашыры Аңсат Сәдуақас, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Қорған Өтегенов қатысты.

Құрылтай отырысында Президент ана тілдің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тілдің тұғырын нығайта беру керектігін мәлімдеді. «Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық» – деп атап өткен болатын.

Мемлекеттік тіл – қазақ елінің басты ұлттық коды.

Қандай мемлекет болсын, ондағы мемлекеттік тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Бүгінде елдегі халықтың 70%- ын қазақ ұлты құрап отыр. Біздің өңірде 96,1%.

Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондық қатарында.

Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуден басталады.

Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары.

Халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт –дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.

Осы орайда, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жыл – «Руханият жылы» деп жарияланды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Қазақтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» – деген болатын. Олай болса, тіліміздің тұғыры биіктей берсін!

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!