Қоғамдық көлікті  күннің суығында жарты сағаттан астам уақыт күтіп қаламыз. Осы мәселемен шағымданған қала тұрғындары әлеуметтік желіні толтырды. Назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Жұмысқа келер уақыт пен қайтатын уақытты таймаунт уақыты дейді. Міне, сол тұста қоғамдық көлікке сыйып, мініп кетсеңіз, күніңіздің оңынан басталғаны. Ал егер қалып қойдым десеңіз, аялдамада тоңып тұрасыз. Біз де қанша қоғамдық көлікке мініп жүрміз, әрі тұр мен бері тұрдың әлегі.

   – Қоғамдық көліктер көп жүрмейді, жарты сағат күтіп қаласыз, оқушылар мен студенттер таксиге ақша шығындап қайтуына тура келеді. Студенттердің қазіргі жағдайында қоғамдық көлікке міну өте қиын. Кешкі уақытта маршрутты көп күтіп қаламыз. Оқушыларға тоқтамай кететіні тағы бар, – дейді қала тұрғыны Шамахат.

– 14 маршурт аз жүреді, соны көбейтсе деген қалауымыз бар. Колледжде оқитын қызым маршрутпен қатынайды. Ол да қиналып жүр, – дейді Кенжегүл Смайлова.

Тұрғындар назын тиісті сала мамандарына жеткізген едік. Көңіл қуанар жауап алмадық.

– Пандемияға байланысты көлік саласында жүрген кәсіпкерлер бағытын өзгертіп, басқа бизнеске кетіп жатыр. Автобус паркі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалпы 135 автобус бар. 40 автобус бұзылып тұр. Тез арада шығару мүмкін болмай тұр. Себебі Қытайда шығарылған соң, қосалқы бөлшек те Қытайдан алынады. Керекті заттар шекарадан өте алмай, қиындықтар туындап жатыр. Кезең-кезеңімен жүргізіледі. Автобустағы кассирлердің қысқартылу себебі, Қазақстан бойынша электронды төлем жүргізілген. Бұл біздің қалаға да енді. Бұл төлем жүйесінің халық үшін тиімді екенін аялдамаларды аралап жүріп түсіндірдік. Төлем жүйесі 70 пайызға орындалуда. Әр көлік интервалы 10-15 минут болу керек, жоғарыда атап өткен кедергіге байланысты 20-25 минутқа созылуда, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспанов.