Біреудің жеткен жетістігі таңғалдырумен қатар, қанаттандыратыны анық. Сондықтан мотивацияңыз төмендеген кезде табысқа кенелген адамдардың жазғанын оқып тұрған жөн.

«Екінші болма», Қуаныш Шонбай
Белгілі ресторатор, Rumi Group-тың негізін қалаушы бүгінде Shonbay.Online деген онлайн университет ашып, дәріс өткізіп, көп жасты қанаттандырып жүр. Қуаныш Шонбайдың бұл кітабында «Өзіңді қалай дамыту керек?», «Қандай фильмдер, кітаптар оқу керек?», «2,5 жылда 10 мейрамхана қалай ашуға болады?» деген сұрақтарға жауап бар. «Екінші болма» – жеңіске жетудің қазақша жолы. Ол қазақ тілді ортаның психологиясына ыңғайлы етіп жазылған. Кітап өзіңнің мықты тұсыңды анықтауға, өзіңді жеңуге және ақша тауып, жеке бренд қалыптастыру үшін әлеуметтік желінің күшін пайдалануға көмектеседі.
«Күнкөрістен кет, байлыққа жет!», Бақытжан Бұқарбай
Саясаттанушы, журналист, Amal Books баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай жазған бұл кітап Forbes тізіміндегі бизнесмендердің ең таңдаулы тәжірибесімен таныстырады. Яғни, бұл туындыны оқи отырып, сіз «бір оқпен бірнеше қоянды атасыз». Автордың сөзімен айтсақ, өз бетіңізше тәжірибе жинақтауға жұмсалатын уақытты 30 жылға дейін үнемдейсіз. Кітапта Шынар Бұғымбаева, Райымбек Баталов, Марғұлан Сейсембай, Арманжан Байтасов, Нұрлан Смағұлов, Елдар Әбдіразақов сынды бизнесмендердің тәжірибелері көрсетілген.
«Қоқыстан табылған миллионер қыз», Ұлдана Ерқасым
Кітаптың авторы Ұлдана Ерқасым – алғашқы миллионын 17 жасында тапқан қазақ қызы. Негізгі мамандығы – журналист. Бүгінде ол Dream Trips компаниясының белді мүшесі. Кітапта автордың балалық шағы, өмірде көрген қиындығы, алған сабақтары туралы әңгіме өрбиді. Ол осы туындысы арқылы оқырманды қандай жағдай болмасын мойымауға үндейді, тағдыр салған сынақтардан өтуге болатынына сендіреді.
«Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Кәмшат Бекжігітова
Психолог Кәмшат Бекжігітованың бұл туындысы аз ғана уақытта қазақ тіліндегі бестселлерге айналып үлгерді. Автор әлемдік психологтардың кеңестерін өзінің өмірлік тәжірибесімен ұштастырып, оқырманға ұсынған. Кітапта өзіңді бағалау, ойыңды өзгерту, кешіру, мақсатты айқындау, қарым-қатынасты жақсарту, сабырлы болу, денсаулықты сақтау сияқты тақырыптарға қатысты түрлі кеңестер айтылады. Сонымен қатар, алған білімін жүзеге асырғысы келетіндерге арнайы практикалық тапсырмалар да бар.
«Қош бол, қиындық!», Назила Слямқызы
Ақын, жазушы, мотиватор, «Үй сатып алудың жолдары» жобасының авторы Назила Слямқызының бұл кітабы армандауды сүйетін жандарға арналған. Кітапта жалпы білім мен өмір сүрудің қарапайым қағидаларын байланыстыру арқылы арманды қалай мақсатқа айналдыруға болатындығы жазылған. Сондай-ақ, автор өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып, қандай қиындықтардан өткенін ашық айтады. Сол арқылы оқырманның сеніміне кіріп, мимен жұмыс істеудің қаншалықты маңызы барын жеткізеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!