Фото: Polisia.kz

KAZINFORM — Қарағанды облысы прокуратурасының бастамасымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен бірлесіп, қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. 

Қылмыстық схемаға халыққа қызмет көрсету орталығының, медициналық мекеме қызметкерлері және «көмекшілер» деп аталатындар кірген.

Ақшалай сыйақы үшін шетелдіктерге уақытша тұруға 700-ден астам рұқсат заңсыз берілген.

Уақытша тұруға рұқсат алуға өтініш берген кезде тұрғын үй иесінің жеке қатысуы мен келісімі талап етіледі, бірақ шетелдіктерді тіркеу заң талаптарын елемей жүргізілген.

Сонымен қатар, электронды-цифрлық қолтаңба заңсыз шығарылып, «eQonaq» ақпараттық жүйесінде шетел азаматтарының келуін тіркеу туралы 30-дан астам хабарлама беру үшін пайдаланылған.

Мұның бәрі электронды-цифрлық қолтаңба иелерінен жасырын жасалған.

Шетелдіктерді тіркеу бойынша заңсыз схемалар ел аумағына деструктивті тұлғалардың кіруіне мүмкіндік береді.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!