Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, өңір дамуына сүбелі үлесін қосып, түрлі салада толымды еңбек етіп жүрген белсенді әйелдер қауымын салтанатты түрде қабылдады.

Көктемнің шуақты мерекесіне арналған жарқын жүздесуде шаһар басшысы Ғанибек Қонысбекұлы және қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев ақжүрек аруларға жылы лебіздерін арнап, ілтипат көрсетті.

Салтанатты шарада Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетоваға «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Өз кезегінде Күлән Жантемірқызы құрмет жасаған ел азаматтарына алғысын жаудырды.

Осылайша жүздері бал-бұл жайнаған әйелдер қауымы шарапаты мол, шаттығы көл қуанышқа толы салтанатты шараның шынайы куәсі болды. Олардың құшақтары гүлге толды. Әкімдік тарапынан сый-сыяпаттар табысталды. Мерекелік қабылдау соңында аруларға арнап әннен шашу шашылды.

Айта кету керек, бүгінде еліміздің мемлекеттік қызметтегі әйелдер қауымының үлесі 35 пайыз болса, Қызылорда қаласының өзінде бұл көрсеткіш 48 пайызды құрап отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!