«Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа». Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан сөздері. Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекет басшысының Жолдауы ісімізге серпін берді.

Маған әсіресе Президенттің тұрмысы төмен отбасы балаларына айрықша назар аударғаны ұнады. «Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн» деп ерекше назар аудару қажеттілігін айтты. Мұнан бөлек «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді» деген болатын мемлекет басшысы. Бұл көптеген мұғалімнің көкейіндегі мәселе болатын. Дөп басып айтты.

«Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз» деді Президент.

Техникалық мамандықтарға сұраныс артты. Соған сай жас мамандарды даярлауда орта арнаулы оқу орындары да жаңашылдыққа қадам басып, бейімделді.

Әйтседе жұмыссыз жастар қайдан шығуда? «Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деп бұл сұрақтың да жауабын Президент берді.

Жаңа Жолдау еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндеттерді айқындап берді. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз. Сондықтан да жемісті еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосу мақсатымыз.

Нұртуған АСАНОВ,

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маманы