Фото: akorda.kz

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңа 4 аудан құрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойды.

Жарлықта Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшірілетіні айтылған.

“Шығыс Қазақстан облысының құрамында:

  • Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы;
  • Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылсын.

Абай облысының құрамында:

  • Үржар ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы;
  • Семей қаласының құрамынан Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласының аумағында орналасатын Жаңасемей ауданы құрылсын”, – делінген жарлықта. 

Сондай-ақ президент орталық мемлекеттік органдарға Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. 

Жарлық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!