Жуырда Арал ауданынан сүйінші хабар жетті. Қаратерең ауылындағы №82 орта мектептің оқушысы Назерке Шынтемір республикалық пән олимпиадасында бас жүлдені иемденді. Шалғайдағы ауылдан шығып, мықтылар арасында топ жарған Назерке жайлы  жастардың жаңалығын қалыс қалдырмайтын біздің басылым да қаламға арқау етуді жөн көрді.

Мектеп үшін бұл жаңалықтың жөні бөлек болғаны рас. Себебі Назеркенің жеңісі мектеп тарихындағы алғашқы жетістік. Осыған дейін оқушылар пән олимпиадасының облыстық кезеңінде жүлделі қайтса да, әлі күнге дейін республикалық білім бәйгесінде ешкім биікке шыға қоймаған. Жағымды жаңалықты естіген соң Назеркенің ұстазымен хабарласып, білім ордасындағы дайындықтың қалай жүргізілгенін сұрап білдік.

− Олимпиадаға дайындық бір жыл бұрын басталған еді. Былтырдан бастап 5 сынып оқушылары жаратылыстану пәнінен олимпиадаға қатысты. Ал Назеркенің қай пән болсын қызығушылығы жоғары. Сабаққа үнемі тыңғылықты дайындалып келеді. Мінезі тұйық, көп сөйлемейтін салмақты оқушы болса да, есте сақтау қабілеті жақсы. Облыстық, республикалық олимпиадаға қатысып шыққаннан кейін «қандай сұрақтар келді» деп сұрасам, қай тақырыптан қандай тапсырма келгенін тез есіне түсіріп айтып береді. Осы қысқы демалыстан кейін алдағы сыныпқа дайындық ретінде  тапсырмалар арқылы теориялық білім беруді жоспарлап отырмын, − дейді ұстазы Гүлнәр Мұқанова.

 «Бұл – менің ғана емес, мектебімнің жетістігі» деп қуанған Назеркенің де еңбегі ерекше. Ізденімпаз оқушы алдағы уақытта да білім арқылы биіктерді бағындырғысы келетінін жеткізді.

− Маған география пәні қызықты тақырыптарымен жақын болды. Ал олимпиадаға келсем, облыстық байқауға қарағанда республикалық кезең қиын болғанын жасырмаймын. Дегенмен жеңіп шығатыныма сенімді болдым. Себебі бар уақытымды кітап оқуға арнадым. Болашақ мамандығымды да осы пәнмен байланыстырамын. Бастауыш сыныптан бері үздіктер қатарына қосылып, білім байқауларына қатысып жүрмін. Дегенмен республикалық кезеңнен  орын алуым мені ерекше қуантты, − дейді Н.Маратқызы.

Алыстағы ауылда білім алса да, биіктерге ұмтылған Назеркенің жеңісі бізді де сүйсінтті. Болашақта Назеркедей көпке үлгі шәкірттер көбейіп, ел мақтанышына айналатынына сенім білдірдік.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!