Сирия. Шабуыл салдары. Фото: Anas Alkharboutli/picture alliance via Getty Images

Сирия үкіметінің бақылауындағы Хомс қаласындағы әскери академияға ұшқышсыз ұшақтар шабуыл жасап, салдарынан 100-ден аса адам қаза тапты. Бұл туралы Ұлыбританияда орналасқан адам құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі сириялық мониторинг орталығы (SOHR) хабарлады. Сирияда ақпарат көздерінің кең желісі бар орталықтың мәліметінше, ұшқышсыз ұшақтардың шабуылынан қаза тапқан 100-ден астам адамның жартысына жуығы әскери оқу орындарының түлектері. Қаза тапқандардың арасында 14 бейбіт тұрғын бар. Сондай-ақ 125-тен аса адам жарақат алған. Ел армиясының өкілдері бұл шабуылға «белгілі халықаралық күштер қолдайтын лаңкестік топтар» жауапты деп мәлімдеген. Алайда әзірге оппозициялық күштер де, жиһадтық топтар да шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алмаған. Дегенмен алдын ала мәлімет бойынша, ұшқышсыз ұшатын аппарат Хомстың солтүстік-батысындағы оппозицияның бақылауындағы аудандардан ұшырылған. «Ақ дулығалар» үкіметтік емес ұйымы үкімет әскері Идлиб провинциясындағы бірнеше қала мен ауылға соққы жасағанын, салдарынан бес адам қаза тапқанын хабарлады. Сонымен қатар Sana мемлекеттік ақпарат агенттігі елдің қарулы күштері жасаған мәлімдемені жариялады. Мәлімдемеде кадеттерге диплом тапсыру рәсімі аяқталғаннан кейін бірден Хомс әскери академиясына жарылғыш заттары бар бірнеше дрон шабуыл жасағаны айтылған. «Агрессия салдарынан бірнеше бейбіт тұрғын мен әскери қызметкер қаза тапты, сондай-ақ салтанатты шараға келген отбасылардың мүшелері мен бірнеше студент жарақат алды», – делінген мәлімдемеде. Бірақ мәлімдемеде қаза болғандар мен жараланғандар нақты саны туралы мәлімет жоқ. SOHR ақпаратынша, қаза тапқандардың арасында офицерлердің бірінің баласы және бір әйел бар. kaz.nur.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!