Қазір қазақ жастарының арасында бірнеше тіл меңгерген қыз-жігіттер көп. Полиглоттардың арасында тоғыз немесе ондаған шет тілінде еркін сөйлейтіндер де жеткілікті. Әрине, көп тіл білген ұтады. Оған қоса үш тіл білу бүгіннің басты талабына айналды.

Аталған дағды бізге жақында келген жоқ. Көптілділік – бірнеше ғасыр бұрын ғұмыр кешкен ұлы ғұламалардың дәуренінен бері жалғасып жатқан ілім мен ғылым. Яғни, адам баласы білім игере бастағанда ең алдымен көп тілді меңгеру керегін ұғынып, айтып кеткен. Мәселен, әлемнің екінші ұстазы атанған түркі ойшылдарынын ең атақтысы, ең мәшһүрі әл-Фарабиді айталық. Ол өзінің ізденімпаздығының арқасында 70-ке жуық тiл білген.

Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген даналық сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден алыстап кетпеуіміз керек.

Бүгінде өзі тілін менсінбейтін жас көбейді. Тіпті, қазақтілді ортаны қорсынатын жандар да табыладын. Бірақ олар тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер мәңгүрт екенін ұғынбайтындай. Сондықтан, тілді насихаттауда, үйретуде жеке адамдардың, отбасының атқарар қызметі мол . Әрбір отбасында, жанашырлық болса, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деп ойлаймын.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып, білуі тиіс. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз маңызды. Бұл – біздің басты парызымыз.

Жанерке НҰРХАН,

Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектеп оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!