Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

KAZINFORM – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев су тасқынынан кейінгі сын-сағатта бүкіл ел болып жұмылу аса маңызды екенін айтты.

«Біздің әріптестер (Парламент депутаттары) өңірлерге барып, жергілікті атқарушы органдарға өздерінің көмектерін жасады. Халықпен бірге осы қиын жағдайды еңсеруге өз үлестерін қосып отыр. Қазір біраз әріптестеріміз өңірде жүр, сондай-ақ басқа да сенаторлар жақында облыстарға барады. Су тасқынына қатысты барлық мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында тұр. Мемлекет басшысы су басудан зардап шеккендерге тиісті материалдық, қаржылық көмек жасалатынын айтқан еді. Сол себепті Үкімет бұл бағытта нақты іс-шараларды жүзеге асырып жатыр», – деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, қазіргі кезде елімізде шыдамдылық, сабырлық таныту керек.

«Жалпы, қазір бәріміз – белсенді азаматтар мен азаматтық қоғам институттары, депутаттар, Үкімет мүшелері, әкімдер, сондай-ақ партиялар осы сын сағатта бірлігімізді танытып, табиғи аптаттың салдарымен күресуіміз керек. Күшімізді біріктіріп әрекет етсек, бұл қиындықты еңсеретініміз анық. Сондықтан зардап шеккен елді мекендердің халқымен бірге тиісті әрекеттерді жүзеге асырып жатырмыз», – деді Сенат төрағасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!