Ел экономикасында өзіндік орны бар СКЗ-U күкірт қышқылы зауыты жылына 500 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Жаңақорған кентінен 17 шақырым жерде орналасқан бұл зауыт «Хорасан-1» және «Хорасан-2» уран кеніштерін стратегиялық маңызы бар өніммен қамтамасыз етеді. Осы аптада маңызды әрі жауапкершілігі жоғары саланың тыныс-тіршілігін арнайы маман- дардан сұрап білдік.
Серіктестік 2007 жылы құрылып, зауыт құрылысы 2010 жылы басталған. Алғашқы өнім 2012 жылы алынса, 2013 жылдан бастап өнеркәсіптік өндіріс толық жолға қойылған. Кәсіпорын тәулігіне 1500 тонна, жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы. Кей жылдары өнім көлемі 510-520 мың тоннаға дейін жеткен. Атырау өңірінен теміржолмен жеткізілетін түйіршікті күкірт негізгі шикізат саналады. Зауыт жылына 160 мың тоннаға дейін күкірт өңдейді екен.
– Түйіршікті күкіртті алдымен 135 градус температурада балқытып, сүзгілеуден өткіземіз. Сұйық күйге келген шикізат арнайы пеште жағылады, онда температура 1000 градусқа дейін көтеріледі. Одан бөлінген газ жылуды қайта пайдаланатын қазандық арқылы 400 градусқа дейін салқындатылады. Күкірт диоксиді ванадий катализаторының көмегімен күкірт триоксидіне айналып, абсорбция бағандарынан өткен соң күкірт қышқылы алынады. Өндіріс кезінде бөлінген жылуды буға айналдырып, электр энергиясын өндіреміз. Оның 5-6 мегаваты зауыттың өз қажеттілігіне жұмсалса, сыртқы желіге 10-11 мегаватқа дейін беруге мүмкіндік бар. Дайын өнім «Хорасан-1», «Хорасан-2» кеніштері мен Шиелі өңіріндегі уран өндіруші кәсіпорындарға жөнелтіледі, – дейді күкірт қышқылы зауытының директоры Сәбит Дауылбаев.
Қоймада жиналып жатқан қанық сары түсті күкірт бірнеше технологиялық үдерістен өткен соң мөлдір сұйықтыққа айналады. Дайын қышқылдың бастапқы концентрациясы 98,5 пайыздан жоғары болады. Одан кейін бұл көрсеткіш тұтынушының талабына қарай төмендетіліп, өнім арнайы теміржол цистерналарына құйылады. Күкірт қышқылы кен құрамындағы уранды ерітіндіге айналдыруға мүмкіндік береді. Уранмен қаныққан сұйықтық екінші ұңғыма арқылы жер бетіне көтеріліп, әрі қарай өңдеуге жөнелтіледі.
Өндірістік процесс толығымен автоматтандырылған. Орталық басқару бөлмесінде отырған операторлар температураны, қысымды, газдың қозғалысын және құрал-жабдықтардың жұмысын тәулік бойы қадағалайды. Көрсеткіштер белгіленген деңгейден ауытқыған жағдайда, мамандар қажетті шараларды қабылдайды. Сынақ зертханасында түйіршікті күкірттен бастап дайын қышқылға дейін, сондай-ақ технологиялық су мен мұржаданбөлінетін газға дейінгі өнімдер мен көрсеткіштер тексеріледі. Зертхана 2012 жылдан бері аккредиттелген, мұнда 11 қызметкер вахталық тәртіппен жұмыс істейді.
Зауытта арнайы сынақ зертханасы да бар. Мұнда күкіртпен қатар дайын өнім күкірт қышқылына да толық талдау жасалады. Яғни өнімнің стандартқа сәйкес, сапалы болуы қатаң қадағаланады.
– Күкірт қышқылы дайын өнім болып саналады. Оның құрамындағы монгридад концентрациясы, темір, күлдің қалдығын тексереміз. Зауыттың технологиясы жақсы жүріп тұруы үшін газға да толық анализ жасалады, – дейді «СКЗ-U» ЖШС сынақ зертханасының басшысы Жадыра Сүлейменова.
Зауытта күкірт қышқылынан бөлек, электр қуаты да өндіріледі. Өндіріс орнындағы электр энергиясы бүкіл зауытты қамтамасыз етумен қатар облысқа да беріледі.
– Мен осы СКЗ-U» ЖШС мекемесінің энергокешен бөліміндегі турбина қондырғысының машинисі болып қызмет атқарып келе жатқаныма он жыл болды. Турбина қондырғымыз франциялық қондырғы. Жоғары технологиялық, автоматтандырылған үздік қондырғы болып саналады. Қондырғымыздың толық қуаттылығы – 18,5 МВат. Шығарып отырған электр энергиясының қуаттылығы сағатына 4,5 МВатты құрайды, – дейді «СКЗ-U» ЖШС энергокешен бөлімінің машинисі Сүйінбай Өскенбай.
Қауіпті химиялық өндіріс орнында адам қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Қызметкерлер әр ауысым басталар алдында автоматтандырылған медициналық тексеруден өтеді. Сонымен қатар олар алғашқы медициналық көмек көрсету және автоматты сыртқы дефибрилляторды пайдалану бойынша дайындықтан өткен. Медициналық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Қазір серіктестікте 276 адам еңбек етеді, оның 259-ы күкірт қышқылы зауытында қызмет атқарады. Жұмысшылардың 83 пайыздан астамы – Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының тұрғындары.
Экологиялық ахуал да тұрақты түрде бақылауда. Тәуелсіз мамандар әр тоқсан сайын зауыт аумағынан және оған жақын орналасқан Кейден ауылынан ауа, су мен топырақ үлгілерін алып, зерттейді. Өндірістің жалпы тиімділігі 99,7 пайыз болса, абсорбция кезеңіндегі көрсеткіш 99,9 пайызға жуық. Автоматтандырылған мониторинг жүйесі шығарындыларды тәулік бойы қадағалап, алынған ақпаратты Экология департаменті мен тиісті комитетке онлайн режимде жібереді. Кәсіпорын өкілдерінің мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін белгіленген шектен асып кеткен жағдай тіркелмеген.
– Экологиялық жағдай – ең бірінші орында. Әр тоқсан сайын мамандар келіп, ауа, суды тексереді. Осы кезге дейін норма бойынша заңбұзушылық болған жоқ, – дейді «СКЗ-U» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Дайырбек Абдешов.
Зауытта еңбек адамдарының қауіпсіздігі маңызды саналады. Мамандар жұмысқа кіріспес бұрын және шығарда міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді екен. Айта кету керек, медициналық пункт 24 сағат жұмыс істейді.
Ал жұмысшыларға арналған арнайы қалашық 2012 жылы пайдалануға берілген. Мұнда қызметкерлердің жаттығу жасап, бос уақытында дене шынықтыруға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ спорт ойындарына арналған арнайы алаңдар бар. Жалпы қалашықта 120 қызметкерге арналған 20 үй бар. Спорт кешені де былтыр ғана пайдалануға берілген.
Кәсіпорын өндіріс орналасқан өңірдегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға да тұрақты түрде атсалысып келеді. Мәселен, Кейден ауылында жыл сайын 1200-ден астам көшет отырғызылады. 2024 жылы ауыл тұрғындары балаларға арналған күрес залы қажет екенін айтып, осындай нысан салу туралы ұсыныс жасаған. Бұл бастама акционерлер тарапынан қолдау тауып, келесі жылы жаңа спорттық ғимарат ел игілігіне берілді. Бұған дейін пешпен жылытылатын ескі ғимаратта жаттығып келген балалар бүгінде газ және электр желілері тартылған, жуынатын бөлмесі мен жаттықтырушыларға арналған кабинеті бар заманауи залда дайындалады. «СКЗ-U» ЖШС «Парыз» байқауының облыстық және республикалық кезеңдерінде бірінші орын иеленген.
Атыраудан әкелінген күкірттің Сыр өңірінде қышқылға өңделіп, кейін уран өндірісіне пайдаланылуы бірнеше бағытты біртұтас өндірістік тізбекке тоғыстырып отыр. Бұл үдерістің негізінде автоматтандырылған технология, зертханалық бақылаудың нақтылығы, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік талаптары және жүздеген адамның еңбегі жатыр.
Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!