Машақаты көп кезең артта қалып, маркетинг дәуіріне көшкелі жаңа мамандықтар сұранысқа ие бола бастады. Сәйкесінше бұрын табыла бермейтін SMM, таргетолог, дизайнер, копирайтерлер арасында бәсекелестік бар. Бизнес саласында жүргендердің сатылымын бір ғана батырмамен миллионға жеткізіп жүрген Ақбөпе Мұсатаева – таңдаулы таргетолог. Өз мамандығының қыр-сырымен бөлісіп, шәкірттерін осы салада шыңдап жүрген тәжірибелі маманмен жақында сұқбаттасқан едік.

– Ақбөпе Дүйсенханқызы, инфобизнес десе үрке қарайтындар көп. Бұл мамандыққа қалай қадам бастыңыз?

– Өзім  Жаңақорған ауданы Жайылма ауылында дүниеге келдім. Мектепте 9-сыныпты бітірген соң, Шымкент қаласындағы Авиценна колледжіне оқуға түсіп, мейірбике ретінде кәсіби білімімді жалғастырдым. Оны да жақсы деңгейде аяқтадым. Тұрмысқа шыққанша дәріханада 40 мың теңге жалақыға жұмыс істеп жүретінмін. Бірнеше жыл бұрын болса да, ол кезде айлығым жолым мен тамағымнан артылмайтын.

Кейін тұрмысқа шығып, балалы болдым. Үйде отырып немен айналысуға болады деген ой келді. Қандай жұмыс істеймін? Қолымнан не келеді? Үйде отырып ақша табуға болатын жаңа мамандықтарды зерттей бастадым. Жеке кәсіп бастау туралы да ой келді. Ниша таңдаудан біраз қиындықтар болды. Содан инстаграм арқылы жоба сатып алдым. Сол жобаның серіктесі атанып, дайын курсты сату арқылы табыс таба бастадым. Алғашқы клиенттер өзімнің достарым, туыстарым болды. Уақыт өте тұтынушы таусыла бастады. Блогерлерге жарнама беріп көрдім, бірақ нәтиже болмады. Сол кезде алғаш рет таргет жарнамасымен  танысып, оны инстаграм арқылы «продвигать» батырмасы арқылы жіберген болатынмын. Нәтижесі жақсы болды. Осылайша таргеттің пайдасын және ол арқылы табыстың қанша есе артатынын түсіндім, толықтай осы мамандыққа ауыстым. Нақты бір сарапшыны білмегендіктен, түрлі онлайн жоба, курсты сатып алып, соларды оқу арқылы таргет жарнамасын үйрендім.

– Жеке кәсіпте сұраныстың артуы таргетке қаншалықты тәуелді?

– Пандемия кезінде барлық кәсіп үйге дейін жеткізіп беру, қашықтан онлайн қызмет көрсетуге бейімделіп үлгерді. Ал кез-келген онлайн бизнес иесі таргет жарнамасын қолданады. Кәсіпкер ретінде оны қолданбау қателік сияқты. Себебі өзім бірге жұмыс істейтін жобаларда таргет қолданатындардың саудасы ең кемі 2 есе алға жылжуда. Кез-келген тұрақты клиенті бар, жақсы жүріп тұрған кәсіп иелері де таргетке жүгініп жатады. Демек, жарнаманың пайдасы көп.

– Осы мамандық­тың қыр-сырын айтып өтсеңіз…

– Таргет жарнамасы алғаш 2015 жылдың соңында инстаграм желісіне жаңа функция ретінде қосылған еді. Басында көбі түсінбегенмен әлеуметтік желі кәсіпкер мен кәсіптің бет-бейнесін қалыптас­тыратын ып, өзін ұсынатын алаңға айналғанда таргетке сұраныс артып, тұтынушыны көбейтіп, табысты арттырудың тиімді құралы болып үлгерді.

Тәжірибелі маман ретінде өзіме таргет жарнамасы үшін сұраныс көп. Инстаграм желісінде 92000 оқырманым бар. Күніне кем дегенде түрлі бизнес иесінен 10 жарнама келеді, солардың ішінен таңдап, 5 жарнаманы шығарамын.Бұл мамандық қазір қазақ қоғамында кеңінен қанат жайғанын мойындау керек. Сонымен бірге тарге­толог маман­дығы – жас­тарға, үйде отыр­ған ана­ларға, жұмыссыз адамға керемет мүм­кіндік. Себебі беделді кәсіпкерлердің өзі таргет жарнамасын шығара алмай, таргетологқа жүгінеді.

Жоғарыда айтып өткенімдей, мейірбике болып алатын 40 000 теңге жалақымды қазір күніне тауып жүрмін. «Бизнес set» және «Cosmos» жобалары бойынша біраз қазақты таргет арқылы табыс табуға үйреттім. 3 айда жасап жатқан жобалардың сертификатталған миллионері атанып, қазір шәкірттерімнің өзі бұрынғы жылдық табысын бір айда шығарып алуда. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш.

– Мамандықтар жойылып, жаңасы пайда болып жатады. Таргет «қашанға дейін өмір сүреді» деп ойлайсыз?

– Қолданыстан қашан шығатынын білмеймін. Бірақ әзірге кәсіпкерлер мен қоғамдық маңызы бар орындар үшін басты қажеттіліктің бірі. Меніңше, таргет жарнамасы қажетсіз болып қалмайды, тек өзге бағытқа өзгеріп, жаңа функциялар, әдіс-тәсілдер енуі мүмкін.

Дина БӨКЕБАЙ