Домбыра мен дін тақырыбындағы даулы сөздер сот залында аяқталды. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласының №2 соты әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында ұлттық және діни сипаттағы қорлайтын мәлімдемелер жасаған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот мәліметінше, айыпталушы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни діни араздықты қоздыруға, азаматтардың діни сезімдерін, ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған әрекеттер жасады деп танылған.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 18 сәуірде айыпталушы TikTok әлеуметтік желісіндегі «А.» аккаунты арқылы діни тақырыптағы тікелей эфир өткізген. Сол эфир барысында ол қазақтың ұлттық музыкалық аспабы — домбыра туралы қорлайтын сипаттағы пікір айтқан.
Соттың хабарлауынша, бұдан бөлек айыпталушы тікелей эфир кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлері туралы да балағат және қорлайтын сөздер қолданып, оларды кемсітетін пікір білдірген. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл әрекеттер қоғам арасында теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған.
Жеңілдететін мән-жай ретінде оның шын жүректен өкінуі ескерілді.
Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім 2026 жылғы 4 маусымда шығарылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
