Саяхатқа қолайлы елді таңдау – жарты жеңіс. Себебі, қонақ болар елдің жай-жапсарын толық зерттеу уақытты тиімді өткізуге, қаржыны үнемдеуге таптырмас мүмкіндік сыйлайды. Кезігер кедергі мен келеңсіздіктерді алдын ала болжап, сапарластарыңыздың алдында тәжірибелі жиһанкез болып көрінуге де жол ашады. Бұл қағида қазақстандықтар арасында танымал демалыс таңдауы болған Түркия еліне де қатысты.

Расында, ел азаматтарының таңдауы Түркияға түсетіні жасырын емес. Оған екі елдің мәдени-рухани, тілдік туыстығы себеп болса керек. Оған қоса нарық бағасының қолжетімділігі де түрік ағайынның ұтымды тұсы болып тұр. Әрине жағалаудың жанында орналасқан бес жұлдызды VIP қонақ үйлердегі баға саясатына қатысты әңгіме бөлек. Айтпағымыз, саяхатшыларға тиімді арзан турды ұйымдастыру амалы.
Саяхат баспалдағы – виза. Бұл орайда Түркияның талабы жеңіл. Егер сіздің Түркиядағы демалыс уақытыңыз бір айдан аспаса, виза жасамасаңыз болады. Бару үшін тек шетелдік төлқұжат қажет. Шықпас бұрын төлқұжатыңыздың жарамдылық мерзімін тексерген жөн. Егер кәмелет жасқа толмаған балалармен баратын болсаңыз, ата-анасының паспортына баланың 3×4 суретін жабыстыру маңызды. Оны өзіңіз тұратын ауданның, қаланың миграциялық полиция бөлімінде жасауға болады. Сонымен қатар бала ата-ананың біреуімен ғана баратын болса, екінші ата-ана өз келісімін сенімхат арқылы көрсету керек. Ал, егер бала басқа адаммен шығатын болса, баланың шетелдік құжаты немесе нотариус арқылы тіркелген сенімхат болуы шарт. Осылайша, саяхаттау визасы аса көп дайындықты талап етпейді.
Түрік жерінде тынығуға ең қолайлы мезгіл — мамыр-қазан айлары. Келушілер саны шамадан тыс асатын шақ — шілде. Бұл ай елдегі ең ыстық әрі адам аяғы көп болатын уақыт. Осы уақытта ауа райы шуақты, табиғат жайлы болмақ. Қазанның соңынан сәуірдің ортасына дейін елде туристер азырақ болады. Есесіне, дәл осы айларда Турцияға турпакетті ең төменгі бағамен сатып алуға мүмкіндік бар. Миллиондаған қаржы шығындамай-ақ, саяхатқа шығамын деген жанға таптырмас амал екені анық. Оның үстіне күз айларында туристер саябырлайтындықтан отбасыңызбен емін-еркін демалуға жол ашылады. Демек, қыркүйек-қазан айлары саяхат соңы емес деген сөз.

Демалыс орнын қалай таңдау керек?

Тұтас елдің бедерін тануға, тұрғындардың мінез-құлқын бағамдауға бір сапардың аздық етері анық. Алайда демалыс өткізетін қаланы сәтті таңдау осы ерекшелікке қол жеткізуге ықпал етеді. Себебі әрбір қала жағажайда демалу, шығыс асханасынан дәм татудан бөлек, тарихи-мәдени нысандардың тылсымын бүгіп жатыр. Сондықтан қала таңдау ең маңызды қадам болмақ. Осы орайда «Демалыс орнын қалай таңдау керек?» деген сауалға «Satti-Sapar Tour & Travel» туристік агенттігінің иесі Жансұлу Жарылғапова былайша жауап берген екен:
«Түркиядағы барлық жағалаулық курорттар ішінде ең танымалы – Анталия. Ол өзінің сәулетті қонақүйі, спорт кешені, сауық үй және сәнді бутиктерімен бағалы. Мұнда келушілер үшін ерекше көрікті орындарды аралап шығуға мүмкіндік беретін экскурсия ұйымдастырылады. Анталиядан 40 шақырым қашықтықта Белек шипажайы орналасқан. Мұнда да түрлі елден келген туристер тоғысады. Үлкен аумақты алып жатқан кең жағажайдағы жайлы, көк желекке оранған қонақүйлердің көпшілігі 5 жұлдызды. Ал, Анталиядағы табиғаты көз арбайтын Кемер курорты жастар мен ғашықтарды магнитше тартады. Курорт ұлттық парк аумағында орналасқан. Жалпы, мұнда келушілер – көбіне жастар. Алания элиталық қонақүйдегі дәулеті мен сәулеті келіскен демалысқа емес, драйв және естен кетпес оқиғалар сыйлайтын сауық-сайранға шақырады, – дейді маман.
Байқағанымыз, туристік агенттіктер тұтынушыға бірнеше бағыт пен шипажайды ұсынады екен. Адамның жеке қызығушылығы, сапар мақсаты ескеріліп, арнайы тур кестесін жасауға да мүмкіндік мол. Бастысы, бағасы арзан. Жақында жиһанкез-блогер Анар Елжан өзінің бейне­жазбасында шетелде демалу Қазақстанға қарағанда анағұрлым арзан болатынын айтып, қалта көтерерлік сапардың санатына Түркияны да қосқан еді. Айтуынша, Түркияға 6 күнге демалу – 330 мың теңге. Оған барып-келу жолы, яғни ұшақ билеті де кіреді. Төрт мезгіл тамақ, трансфер, медициналық сақтандыру және тарихи жерлерді аралай аласыз. Бастысы, Түркияның қай қаласына баратыныңызды шешіп алуыңыз қажет көрінеді. Ең танымал 9 демалыс орны – Каппадокия, Стамбұл, Ван көлі, Арарат тауы, Олюдениз (Өлі Теңіз), Ликия жолы, Памуккале, Капуташ жағажайы, Солтүстік Анатолия тауы.
«Мұнда келген туристердің өбі елдің оңтүстік бөлігінде демалуды қалайды. Оның себебі де жоқ емес. Мысалы, Қара теңіз жағалауы суық климатқа тән, яғни елдің солтүстік бөлігінде орналасқан. Осыған байланысты мұнда жағажай демалысының науқаны бар болғаны маусымнан қыркүйектің басына дейін ғана созылады. Ал, Анталияда шомылу маусымы мамыр айының басынан қазан айының соңына дейін жалғасады. Тіпті қыста да Жерорта теңізінің температурасы +15 °C-тан төмендемейді, ал жазда ол +28-29 °C деңгейінде сақталады. Ал, туристер жылы суға шомылуды жөн көретіндіктен, көпшілігі Анталиядағы демалыс орындарын таңдайды. Тиісінше, туристік нысандар да оңтүстікте көп салынады. Сондықтан Түркиядағы Қара теңіз жағалауында қазіргі уақытта сапалы курорттық қонақ үйлер жоқтың қасы. Туристер де аз барады», – дейді Анар Елжан.

Ыстанбұл: Шығын да жетерлік

Әрине, Түркияға табан тиіп тұрып, Ыстамбұлды көрмей кету мүмкін емес. Оның үстіне қай қалаға барсаңыз да сапар Ыстанбұл әуежайынан басталатыны тағы бар. Сондықтан жиһанкездердің кеңесі мен естелігін осы қаладан бастаған жөн секілді.
Қазақтілді блогерлердің арасында Ыстамбұлға көп сапарлағандардың бірі – Өркен Кенжебек. Блогер, әсіресе, Ыстанбұлдың тарихи-мәдени ерекшелігін ерекше суреттеп, туристердің қызығушылығын оятады. Қалаға қанша сапарласа да күмбезді мешіттер сәулеті мен мәрмәр теңізінің көркі Өркенді таңқалдырмай қоймайды. Ол кезекті сапарында қала ерекшелігі мен қажетті кеңес турасында оқырмандарымен ой бөліскен еді.
«Маған демалыспен қатар мәдени-ақпарат алған үнайды. Сол үшін Бодрум, Ыстанбұлға сапарлауды ұсынар едім. Бұл маңның ерекшелігі – уақыт демі сезіледі. Бұл қалалардың өзге демалыс аймақтардан ерекшелігі де осында. Ыстамбұл – елдің туристік орталығы. Дәл осы қаланы аралай жүріп, ежелгі дәуірлерге саяхат жасағандай күй кешуге болады. Заманында Византияның астанасы болған шаһарда көне ғимараттар көп. Елдегі ең кең таралған қатынас көлігі – автобус. Алайда, олар көбіне лық толы. Жол жүрудің жайлы болғанын қаласаңыз, такси қызметіне жүгініңіз. Алайда, 24:00 мен 06:00 аралығындағы түнгі уақытта тарифтің екі еселенетіні есіңізде болсын. Күндіз долмуш деп аталатын бағыттық таксилер қатынайды. Соңғы кеңес, ауылдық не таулы аймақтарда жергілікті халықты суретке түсіру үшін алдымен өздерінен рұқсат сұраңыз. Өйткені, түрік азаматтары арасында адамдар мен жан-жануарлар бейнесін қағазға түсіруді құп көрмейтіндер жетерлік», – дейді Өркен Кенжебек.
Расында, шығын жетерлік. Мәселен, Ыстамбұлға екі бағытта AirAstana әуе компаниясының билеттері 100 000 теңге шамасында. Сәл арзандау қажет десеңіз, украиналық әуе компаниялары 85 000 теңге көлемінде Киев арқылы транзитпен ұшуды ұсынады. Қазіргідей алапат соғыс жағдайы соңғы нұсқаны таңдаудан шығарғанын ескерсек, ұшақ билетіның аз ақша емесін көреміз. Осы орайда Түркияның табыс көзінің бірі туристер болғандықтан, түрік лирасымен қатар еуро, долларды да қабылдай беретінін айтқан жөн. Мейрамханалардан шәй немесе кофені 30 центтен 2 долларға дейін тапсырыс беруге болады. Ал етті 5 доллар, нанды 1 доллар шамасында. Дегенмен, бұл баға нақты көрсеткіш емес. Бүгінде Түркия қаржылық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Сондықтан ондағы нарық бағасының сан құбылуы қалыпты құбылыс екенін қабылдай біліңіз.
Ендігі кезек көлік қатынасына кететін шығындарда. Стамбулда көлік қатынасы ерекшелетіні белгілі. Қалада метро, автобус, фуникулер, паром, миниавтобус, мармарис, долмыш деген түрлі-түрлі қозғалыс құралдары бар. Барлық көлік құралдарына IstanbulCard деген пластик картасы қолданылады. Картаның құны 10 лира, біздің ақшамен 700 теңге болады. Аптасына картаға 100-150 лира шамасында шығын кетеді екен. Егер Стамбулға бір айға келсеңіз, айлық картаны сатып алу тиімді. Оның құны 180 лира. Картаны Үскідар, Таксим, Еминиону деген сияқты үлкен аялдамалардан сатып алуға болады. Сатып алу үшін өзіңізбен төлқұжат және 3×4 сурет болу маңызды.
Ал көрікті жерлерге немесе мұражайға барып үнемдегіңіз келсе, Museum Pass Card картасын сатып алу таптырмас шешім. Әр мұражайға кіру шамамен 30 лира болса, картаның құны 85 лира. Карта Ая София, Топқапы палас, Археологиялық мұражай, Ғылым тарихы және Ислам Технологиясы мұражайы, Жұлдыз сарайы және тағы басқа тарихи рухани орталықтарға кіру құнын толық қамтымай, белгілі бір жеңілдіктер береді. Мысалы, Галата Тауер деген Стамбулға көрініс ашатын мұнарасына кіру билет құнына 30% жеңілдік бере алады.
Ал баспана мен байланыс құралы жайында ұстаным әрқилы. Бірі Түркияда, әсіресе, Ыстанбұлда баспана жалдау арзан десе, енді бірі көпке түсетініңізді меңзейді. Бұл орайда Анар Елжанның тәжірибесі туристерге көмек берері анық. Ол алаяқтарға алданбау үшін бәрін мұқият тексеруге кеңес береді:
«Барлық адамды үй мәселесі алаңдататыны анық. Қарапайым қонақ үйге күніне 10 доллар төлеп тұруға болады. Егер бұдан арзандау үй тіпті тегін керек десеңіз, couchsurfing немесе airbnb қосымша­ларының көмегімен арзан, кейде тегін тұрғын үй таба аласыз. Қосымша арқылы баратын отбасыңыз туралы толық ақпарат алып, skype арқылы сөйлесуге мүмкіндік бар. Қауіпсіз әрі сенімді жолдардың бірі екеніне күмәнданбасаңыз болады.
Ал байланыс құралына келер болсақ, пікір әртүрлі. 3 негізгі ұялы байланыс операторы жұмыс істейді: Олар TURKCELL, TURK TELEKOM, VODAFON. Оларды туристер мен мұнда тұрақты қалатындарға немесе уақытша тұратындарға арналған деп бөлуге болады. Егер турист болып 90 күнге дейін демалысқа келсеңіз, онда симкартаны өзіңіздің шетелдік төлқұжатыңызды көрсету арқылы, көптеген ұялы операторлардың кеңселерінен оңай сатып ала аласыз. Түркияда симкарта құны орташа 150-170 лира (8100-9180 теңге). Егер де бірнеше адам болып барып, бір оператордан симкарта сатып алатын болсаңыздар белгілі бір деңгейде жеңілдік жасайды. Жаңа симкада, әдетте, SMS, минут және мобильді интернет гигабайтының негізгі жиынтығы болады (біздегідей). Оларды алғашқы 30 күн пайдалана­сыз. Содан кейін өзіңізге қолайлы қызмет пакетін сатып алу қажет. Ал егер Түркияда тұратын болсаңыз, сол туралы анықтаманы қолыңызға қалай аласыз, ұялы байланыс операторына нөміріңіз туралы сол сәтте бірден хабардар етуіңіз қажет. Олай болмаған жағдайда оператор симкартаңызды ол іске қосылған күннен бастап, 90 күннен кейін өшіріп тастайды», – дейді саяхатшы.

Кеңес артық етпейді

Әрине, шетелде саяхаттау арзанға түспесі анық. Алайда керек мәліметті білу орынсыз шығыненан сақтап, тіпті алаяққа алданданудан сақтауы ықтимал. Сондықтан сөз соңында Түркияға сапарлаған туристердің тәжірибесі мен қатар құнды кеңесін оқырман назарын ұсынуды жөн көрдік.
Алдымен жергілікті гидтердің 2,5 сағаттық Стамбул турынан қапы қалмаңыз. Оған ертерек жазылу керек. Ертерек ізденсеңіз, тур бағдарламасына кіретін орындардың тізімін табу қиын емес. Бұл орайда Museum Pass İstanbul картасын естен шығармаған абзал,. Ол қаладағы көптеген мұражайға тегін кіру құқығын береді.
Сақтық та артық етпесі анық. Әсіресе, туристер Түрік республикасының негізін қалаушы – Ататүрікті жеке тұлға ретінде сынға алуға болмайтынын есте сақтау керек. Көшбасшының жеке басын қорлағаны үшін түрмеге түсу қауіпі жоғары. Сондай-ақ, қара паранджа киген түрік әйелдерін фотоға түсіруге болмайды. Алкогольді ішімдіктерді тек арнайы орындарда ішуге рұқсат етіледі. Әйтпесе сізге айыппұл салыну мүмкін.
Бұрын естіген боларсыз, Ыстанбұлда ағын су хлорланған, сондықтан туристер оны ішуге кеңес бермейді. Бұл жағдайдан шығудың екі жолы бар. Бірі – бөтелкедегі суды сатып алу. Екінші амал – ауыз су бұрқақтарын пайдалану.
Аяқ киім тазартқыштардан абай болыңыз. Бұл Стамбулдың «қулығы». Олар тазалағыш щеткаларын «байқаусызда» жерге түсіріп, сіз назар аударған кезде өз қызметтерін ұсынады. Осындайды көрсеңіз, көмектесе көрмеңіз. Олар сіздің қалауыңызды ескермей-ақ аяқ киіміңізді тазалап береді. Сол қызметі үшін қымбат сомма талап ететініне дайын болыңыз.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!