Ұсталғандардың екеуі Өзбекстан Республикасының азаматы болса, біреуі жергілікті тұрғын болып шықты.

Түркістан облысында полицейлер мал ұрлығы бойынша күдіктілерді ұстап, олардың 16 фактіге қатысы барын анықтады, деп хабарлайды Skif.news.

«Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, жылқысының жайылымнан ұрланғаны бойынша шағым түсірген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Хабарлама алысымен сарыағаштық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Шұғыл және жоспарланған әрекеттер нәтижесінде күдікті ретінде Өзбекстан елінің азаматын ұстады», – делінген хабарламада.

Тексеру кезінде күдікті жас жігіт өзімен бірге мал ұрлығымен айналысқан, яғни қылмысты ұйымдастырушы тағы 2 күдіктінің бар екенін айтады. Олар көп ұзамай қолға түскен.

«Ұсталғандардың екеуі Өзбекстан Республикасының азаматы болса, біреуі жергілікті тұрғын болып шықты. Тиянақты тексеру мен зерделеу барысында осы ұсталғандардың 16 жайт мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Ал шығын көлемі 10 млн теңгеден жоғары екені белгілі болды. Анықталғандай, күдіктілер қылмыс жасау барысында өз рөлдерін алдын ала құрылған жоспар бойынша орындаған. Мысалы, басты күдікті мал жайылымында қараусыз жүрген жылқы, сиырларды байқаған бойда жүк көлігіне тиеп отырған. Содан сыбайласы екеуі ұрланған үй жануарларын сатып алушыларға, қасапшыға арзан бағада өткізген. Олар ұрлаған олжаларын «Газель» маркалы көлігімен тасымалдаған», – деп толықтырады департаменттен.

Полиция айғақ зат ретінде «Газель» көлігі мен 2 жылқыны тәркіледі. Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!