Келес ауданындағы №13 колледж мұғалімдері мен оқушылары қолдан көлік құрастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Авторлары бұл көлікті «Avtopicnik» деп атаған. Ол табиғат аясына демалысқа шығуға өте қолайлы. Шағын көлікпен жүк тасымалдауға да болады. Сондай-ақ, көлікте үлкен үстел мен орындықтар, тіпті шатыр да бар. Оларды қажет болғанда құрып, ал жүк салатын кезде жинап қоюға болады.

«Бұл көлікті бірнеше мақсатта жасадық. Демалысқа арналған көлігіміз сәтті шығып, «World skills» чемпионатында жүлдеге ие болдық», – дейді жоба жетекшісі Бахтияр Дустанов.

«Avtopicnik» көлігі оңтүстік кореялық Daewoo Damas микроавтобусынан жасалған. Ерекшелігі – жанармай өте аз жағылады. Сондай-ақ, күн сәулесінен қуат алатын жарықтандыру құрылғыларымен жабдықталған. Бұл құрылғылары қараңғыда да қуаттала береді. Ол үшін жанып тұрған шамдарды қуаттағышқа қаратып қою жеткілікті.

Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев көліктің мүмкіндіктерімен танысып, жобаны жүзеге асырған шығармашылық ұжымның еңбегін жоғары бағалады. Айта кетейік, осыған дейін де аталған колледж ұжымы жанар-жағар майсыз, электр қуатымен қозғалатын көлік құрап шыққан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!