Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Әлима Әбдіқалықованы мерейлі 70 жасқа толуына орай құттықтап, құрмет білдірді.

Аймақ басшысы білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мерейтой иесіне жүрекжарды тілегін арнап, аймақтың ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады.

«Құрметті Әлима Жақыпқызы! Сізді Сыр жұртшылығы атынан мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжі өз тарихында қалыптасқан дәстүрлерді дамыта отырып, облыстың және республиканың жалпы білім беретін оқу орындары үшін білікті кадрлар дайындауға бар күш-жігеріңізді жұмсадыңыз. Сіз басшылық еткен уақытта колледжде республика бойынша алғашқылардың бірі болып интернет желісіне қосылған электронды оқу залы, мультимедиялық лингофондық кабинеттер құрылды. Киелі оқу орны Өзіңіздің жетекшілігіңізбен Сыр өңірінің мақтанышы ғана емес республикаға белгілі білім ордасына айналды. Сіздің өнегелі еңбек жолыңыз жас ұрпаққа қашан да үлгі. Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасыңызға құт-береке, амандық тілейміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов мерейтой иесінің өмірінен естеліктер айтып, ақжарма тілектерін жеткізді.

Іс-шара соңында Әлима Әбдіқалықова елдің мүддесі үшін қызмет жасау үлкен бақыт екенін айтып, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

Әлима Жақыпқызы ұзақ жылғы табысты еңбегі үшін Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталып, 2013 жылы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атанды.