Елімізде зейнетақы, жәрдемақы мөлшері 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап көбейті­леді. Жаңа жыл­дағы жаңа­ша өзгерістерге тоқталсақ:

1) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18524 теңге,

2) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43272 теңге,

3)айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2917 теңге,

4) ең төменгі күнкөріс деңгейінің шекті мөлшері – 34302 теңге.

Жасына байланысты және еңбек өтілі бойынша зейнетақының мөлшері 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындалған төлемнен есептегенде 7 процентке жоғарылайды. Сондай-ақ, алғаш рет зейнетақы алуға өтініш білдіретін азаматтар үшін ең жоғары табыс (айлық табыс) 46 айлық есептік көрсеткішпен есептеледі, яғни 134182 теңгемен шектеледі. Ал мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөл­шерін есептеу ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөл­шерінен көбейтіледі, яғни 34302 теңгеден арттырылады.

Бір жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана», «Ана даңқы», көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақыларды АЕК-тің 5 процентімен көбейтілу жоспарлануда. Сонымен бірге бала тууына байланысты таға­йындалатын және төле­нетін бір­жолғы мемле­кеттік жәрде­мақы айлық есептік көр­сет­кіштің есебінен көбейтілсе, бірінші, екін­ші, үшінші баланы туғанда төленетін бір дүркін жәрдемақының мөлшері өтініш білдірген азаматтарға 110846 теңге көлемінде тағайындалады. Ал төртінші баланы туғанда төленетін бір дүркін жәрдемақының мөлшері 183771 теңгеге көбейтіледі. Мұнан бөлек, мүгедек бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) төленетін жәрдемақылар ең төменгі күнкөріс деңгейімен көбейтіледі, 34302 теңгеге өзгереді. Ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз, бұрынғы 42500 теңге мөлшерде қала бермек.

Н.БАКЕНОВА,

Азаматтарға арналған үкімет МК коммерциялық емес АҚ Қызылорда қалалық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлім басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!