Өңірімізде референдумды қолдау бойынша іс-сапарда жүрген партия жанындағы республикалық штабтың және «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев жүйе құраушы сала өкілдерімен кездесу өткізді.


«КРЭК» АҚ мекемесінде өткен жиында штаб мүшесі Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын ерекше атап өтіп, жаппай дауыс беруге шақырды.


«Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде үлкен өзгерістер болатынын хабарлаған. Ең басты мәселе Президент өз өкілеттігін күшейтіп жатқан жоқ. Керісінше өз өкілеттігін бөлісіп, суперпрезиденттіктен кетіп жатыр. Мемлекет басшысы әкім тағайындау кезіндегі мәслихаттың рөлін күшейтті. Заңның үштен бірі өзгергелі тұр. Мұның өзі Қазақстанды үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын білдіреді. Ширек ғасырдың ішінде референдум екінші рет өткелі тұр. Егер жаңа Қазақстанға қадам басамыз десек референдумды қолдап, белсенді болуымыз шарт» – деді депутат.


Өз кезегінде сөз алған республикалық штабтың мүшесі Базара Танбаева «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өткізу бүкіл халықтың еркі мен пікірін білдіруіне мүмкіндік береді. Осы мақсатта мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен билік арасында тиімді диалог орнатып, жаңа заң жүйесін құрамыз»-деді.
Жиын қатысушылары Конституцияның ел дамуындағы рөлі мен конституциялық реформаның «Жаңа Қазақстанды» құрудағы маңыздылығын түсіне отырып, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!