Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекеменің мәжіліс залында жеке құрам қызметкерлеріне арналған жиын өтті. Іс-шараны мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі психолог маманы, әділет капитаны Моншақ Маханова ұйымдастырды.
Жиынның негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында құқықтық сауатты арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін түсіндіру және гендерлік теңдік мәселелерін кеңінен насихаттау.
Іс-шараға арнайы ҚАЖ департаментінің өзіндік қауіпсіздік тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, әділет подполковнигі Серік Жоламанов, Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Б. Байтиков, сондай-ақ Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қызметі басқармасының аға инспекторлары, полиция майорлары И. Ишниязова мен Р. Арынғазиева қатысты.
Жиын барысында сөз алған әділет подполковнигі Серік Жоламанов қазіргі қоғамда белең алып отырған сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер кері әсері мен зардаптары туралы айтып, адалдық пен заңдылық қағидаларын сақтау әрбір қызметкердің басты міндеті екенін атап өтті.
Ал полиция майоры Б. Байтиков жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол жүру ережелерін қатаң сақтау қажеттігін түсіндіріп, қызметкерлерді қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Сонымен қатар жиында гендерлік теңдік мәселесіне ерекше назар аударылды. Полиция майоры И. Ишниязова қазіргі таңда гендерлік теңдік мәселесі әлем бойынша өзекті тақырыптардың біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда әр адамды жынысына қарап емес, біліміне, еңбегіне және адамгершілік қасиеттеріне қарай бағалау маңызды.
– Гендерлік теңдік – өркениетті қоғамның негізгі қағидаларының бірі. Әйел мен ер адамның құқықтары мен мүмкіндіктері тең болған кезде ғана қоғам дамып, әділетті орта қалыптасады, – деді ол өз сөзінде.
Жиын соңында қызметкерлер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!